248 отбасының үйінде дабыл іске қосылды
Алматы облысында екі жарым мыңға жуық тұрғын үй өрт қауіпсіздігі бойынша ерекше бақылауға алынды. Жылыту маусымында құтқарушылар елді мекендерді аралап, тұрғындарға қауіпсіздік талаптарын түсіндіруде. Әсіресе пеш жағатын үйлер басты назарда. Қатты отынмен жылытылатын баспаналарға улы газды анықтайтын арнайы дабыл құрылғылары орнатылып жатыр. Қарапайым ғана құрылғылардың көмегімен осы уақытқа дейін 200-ден астам жазатайым жағдайдың алдын алуға мүмкіндік туған. Қыстың қақаған аязында үй ішін жылытатын пештің қауіп көзіне айналмауы үшін оның күтіміне ерекше көңіл бөлген жөн. Осы мақсатта мамандар тұрғын үйлерді аралап, жұртшылыққа пешті дұрыс жағу, мұржаны уақтылы тазалау және өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау жөнінде кеңес беруде. Бұдан бөлек, әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылардың үйлеріне улы газды анықтайтын дабыл құрылғылары орнатылып жатыр. Көзге көрінбейтін, иісі сезілмейтін қауіпті газ тараған жағдайда құрылғы белгі беріп, адам өмірін сақтап қалуға сеп болуы мүмкін.
НҰРЖАН НҰҒМАНОВ - АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ТЖД ӨРТТІ БАҚЫЛАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ
- Бүгінге күнде 700-ден астам улы газды ерте анықтайтын датчик орнатылды. Жылыту маусымы соңына дейін екі мыңға жуық орнатамыз. Улы газды ерте анықтайтын датчиктардың былтырғы 2025-2026 жылғы жылыту маусымының кезеңінде 248 отбасында орнатылған датчиктер іске қосылып, қандай да бір төтенше жағдайлардың алдын алды.
Жылыту маусымы басталғалы Алматы облысында 93 өрт тіркеліпті. Екі жағдайда адамдар иіс тиіп уланған. Оқыс жағдайдың көбіне пештің ақауы, мұржаның уақытылы тазаланбауы мен электр сымдарының тозуы себеп. Сондықтан құтқарушылар тұрғындарды сақтық шараларына бейжай қарамай, үй ішіндегі жылыту жүйелері мен электр жабдықтарының жай-күйін үнемі қадағалап отыруды сұрайды.
РАБИҒА БҰТПАЕВА - ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
- Бірінші рет осы болып жатыр. Көп жыл болды тұрғанымызға, бірақ енді біздерге орнатып беріп жатыр. Біздер көмір жағамыз. Тазалап тұрамыз, өзі пеш белгілі болады. Сол уақытта тазалаймыз.
Осы күнге дейін құтқарушылар облыс көлемінде 7400-ден астам тұрғын үйді аралап шыққан. Ал ерекше бақылауға алынған әлеуметтік осал топтағы отбасылардың саны 2404. Баспаналарға түтінді анықтайтын дабыл құрылғыларын орнату жұмыстары жылыту маусымы аяқталғанша жалғаспақ.