Тоқаев ауылды дамыту бағдарламаларының тиімділігін тексеруді тапсырды
Аты бөлек, заты бір! Мемлекет басшысы ауыл мен аграрлық секторды қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігіне жан-жақты талдау жүргізуді тапсырды. Өйткені, бірін-бірі қайталайтын жобалар көп.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ - ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
- Мәселен, қазірдің өзінде "Ауыл аманаты", "Ауыл – ел бесігі", "Кең дала", "Береке", "Жайлау", "Игілік", "Сыбаға" және тағы басқа бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Әрине, әр жоба осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін жазылады. Бірақ сол жұмыстың бәрі қаншалықты тиімді жүзеге асырылып жатыр? Меніңше, бұл - заңды сұрақ. Бізге бағдарламаның саны емес, ауыл шаруашылығының сапалы дамығаны керек.
Үкімет енді барлық бағдарламаны жан-жақты саралап, олардың мақсаттары мен міндеттерін нақтылауы керек. Себебі, басты мақсат - бағдарламалардың санын көбейту емес, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру және аграрлық сектордың тұрақты дамуын қамтамасыз ету. Сондай-ақ президент ауылдарды дамытуға бөлінген миллиардтаған қаржының нақты нәтижесін тексеру қажет екенін айтты. Есепте бәрі әдемі. Бірақ шын мәнінде де солай ма? Мемлекет басшысы сылдыр статистикаға сене салатын уақыттың өткенін ескертті. Астанада өтіп жатқан Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында ауыл шаруашылығы мен ауыл тұрмысын көтеруге қатысты айтылған нәрсе аз емес. Аграрлық секторды несиелендіруге екінші деңгейлі банктерді де тарту, суармалы егістік аумағын ұлғайту, цифрлық технологиялар игілігін пайдалану солардың бір парасы ғана. Биылғы жолдауда айтылған «Халықтық құрылыс» бағдарламасына да мемлекет басшысы ерекше тоқталды.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ - ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
- Алдымызда тұрған құрылыс жоспары - шын мәнінде, оның ауқымы тұрғысынан алып қарасақ, айбынды әрі бірегей. Еліміздің барлық аймағында емхана, аурухана, балабақша, мектеп, мәдениет және спорт ғимараттары, яғни, халқымыздың тұрмыс сапасын жақсартуға арналған аса маңызды әлеуметтік нысандар бой көтереді. Сапалы жолдар төселеді, атом, су, электр станциялары, деректерді өңдеу орталықтары салынады.