Алматы облысында жыл басынан бері мыңнан астам жол апаты тіркелді
Алматы облысындағы жолдарда жыл басынан бері мыңнан аса апат тіркелген. Бақилық болғандар мен жараланғандардың саны адам шошырлық. 200-ден аса адам ажал құшып, мың жарым жолаушы жарақат алған.
Бұл адам шығынының азайғаны дейді тәртіп сақшылары. Яғни, былтырғы статистикамен салыстырғанда жол апатынан қаза болғандар саны 28,3 пайызға төмендепті. Өңірдегі жол қозғалысы қауіпсіздігі полицияның жіті бақылауында. Жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және өрескел құқық бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында тәртіп сақшылары облыстың негізгі автокөлік магистральдары мен республикалық маңызы бар жолдарда үнемі тексеру жүргізіп тұрады. Сондай рейдтің бірі бүгін басталды. Жексенбінің кешіне дейін жалғасатын республикалық шара аясында полиция қызметкерлері жол апаты жиі тіркелетін учаскелерде патруль санын көбейтіп, жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін сақтауын қатаң бақылауға алды.
ҰЛАН НҰРТАЙ - АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ПД ППБ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Жылдамдықты асыру, мас күйде көлік жүргізу, қауіпсіздік белдігін тақпау және жол ережелерін бұзу деректерінің алдын алуға басымдық береді. Рейд барысында заң бұзушылықтар анықталып, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Бұл жолда тәртіп нығайтылып, жол апаттарын алдын алуға ықпал етеді.»