Мұхтар Құл-Мұхаммед Мұхтар Әуезов туралы жаңа кітап ұсынды

Алматыдағы Ұлттық кітапханада белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммедтің жаңа кітабының тұсаукесері өтті. «Сараман жолы» атты туынды қазақ әдебиетінің ұлы классигі Мұхтар Әуезов жайында.

МҰХТАР ҚҰЛ-МҰХАММЕД - КІТАП АВТОРЫ
- Міне бұл кітап менен кетті. Сіздерге жетті. Оны Абай атамыз білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез дей айтып кеткен. Сол себепті менен шыққан бұл еңбектің тағдыры арғы жағындағы өздеріңізде.

Айтулы еңбекте Әуезовпен қатар оның талантты перзенті, көрнекті мәдениеттанушы Мұрат Әуезовтің де өмір жолы баяндалады. Мұнда әкелі-балалы қос тұлғаның шығармашылықтағы қилы кезеңдерін сөз ете отырып, XX ғасырдағы қазақ қоғамының саяси тарихын тың деректермен ашып көрсеткен. «Алаш» қозғалысы да қаламгер назарынан тыс қалмапты. Ал кітаптың «Қайсар рухты ғазиз жан» атты бір тарауы Мұхтар Омарханұлының жары Фатима Ғабитованың сан қырлы тағдыр жолына арналған. 400 беттен тұратын бұл еңбек кітап болып шықпай тұрып та баспасөз беттерінде жарық көріп, қалың оқырманның ыстық ықыласына бөленгенін айта кетейік. 

БЕРЕКЕТ КӘРІБАЕВ - ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ 
- Әсіресе маған ұнағаны Мұрат Әуезовтың 60-70-жылдары Мәскеуде жүріп, орталықтың қазақ жастарына қарата жүргізіп отырған солақай саясатына қары әрекет жасауы бұл нағыз ерлік еді. Сол себепті бұл кітапты оқу арқылы сол кезеңдегі тұлғаларды да әдебиет тарихын да тани аласыз. Қазақ қоғамы үшін өте пайдалы, ғылыми еңбек.  

ЗИЯБЕК ҚАБЫЛДИНОВ - Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ ТАРИХ ЖӘНЕ ЭТНОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ  
- Алаш қозғалысы жақсы көрсетілген. 1916 жылғы Жетісу өңіріндегі көтеріліс жақсы көрсетілген. Саяси қуғын сүргінді де ашаршылықты да көреміз. Лагерлік жүйені де көреміз. Жоғары оқу орындарына да мектептерге де бұл еңбекті ұсынуға болады. 

Сондай-ақ оқыңыз: