16 жасқа дейін әлеуметтік желіге тыйым: балалардың аккаунттары өшіріле ме?
Елімізде 16 жасқа толмаған балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне тыйым салу ұсынылды. Балаларды интернеттегі зиянды ақпараттан қорғау үшін онлайн-платформаларға қойылатын талаптарды күшейту қажет дейді Мәдениет және ақпарат министрі. Осы мақсатта жасөспірімдердің әлеуметтік желіде жеке аккаунт ашуына шектеу енгізу көзделіп отыр. Құрылтай қолдап, заң күшіне енсе, осы күнге дейін ашылған аккаунттар түгел жойылмақ.
Әлеуметтік желіде жас талабы да енді басты назарда болады. Онлайн-платформалар әр қолданушының жасын тексеруге міндеттелмек. Яғни, 16-ға толмаған балалардың тіркелуіне жол бермеу жауапкершілігі платформалардың өзіне де жүктеледі. Осындай өзгерістер енгізуді көздейтін заң жобасы қазір Құрылтайдың қарауында. Интернетте зиянды ақпараттың көбеюі заңға өзгеріс енгізуді қажет етеді дейді Мәдениет және ақпарат министрі.
АРМАН ҚЫРЫҚБАЕВ - ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ АҚПАРАТ МИНИСТРІ
- Бүгінде балалардың платформалардағы ақпаратқа, оның ішінде зиянды және деструктивті контентке қол жеткізуі іс жүзінде шектелмеген. Осыған байланысты 16 жасқа толмаған балалардың платформаларда тіркелуіне тыйым салу ұсынылады.
Жаңа шектеу күшіне енген соң, 16 жасқа толмаған балалардың бұрыннан ашылған аккаунттары да жойылуы мүмкін. Алайда әзірге оларды жою тәртібі нақты бекітілмеген.
АЛЕКСАНДР ДАНИЛОВ - ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТЫ
- Заң мұндай аккаунттарға тыйым салса, онда олардың желіде сақталуына ешқандай негіз жоқ. Сондықтан мұндай парақшалар жойылады. Бұл - көзделіп отырған ең қатаң шаралардың бірі. Қазір жұмыс тобы заң күшіне енген сәттен бастап осы талаптың қалай жүзеге асатынын нақтылап жатыр.
Бір қарағанда, бұл талап тек әлеуметтік желідегі аккаунтты жабу сияқты көрінуі мүмкін. Алайда мәселенің ар жағында бала тәрбиесі, ата-ана жауапкершілігі мен интернеттегі қауіпсіздік тұр. Өйткені баланың виртуалды әлемде кіммен сөйлесіп, қандай ақпарат көріп жүргенін бақылау оңай емес.
АҚЖАРҚЫН МАУСЫМБАЕВА - ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
- Бұлар қазір компьютерді сәл біледі, бірақ мына сотовый телефонды кәдімгі бізден артық біледі. Ашып-жабу, ойындарға дейін ашып шығарып, скачать еттім деп тұрып айтады. Бірақ біз оларға шамамыз келгенше шектеу қойып тұрмыз. Күні бойы телефонда отырмау үшін сабақтан келгеннен кейін мына қосымша сабаққа жазып қойдық. Аптасына ешқандай үзіліссіз, сенбі, жексенбіде ғана бос.
АРУЖАН МҰРАТҚЫЗЫ - ТІЛШІ
- Айта кетейік, ұсынылып отырған шектеу ата-анамен, мұғаліммен және жақындармен байланыс орнатуға арналған мессенджерлерге қатысты емес. Яғни, баланың байланыс құралына емес, әлеуметтік желідегі белсенділігіне шектеу қойылмақ.