Алматыда қазақстандық суретшілердің 260-тан астам туындысы көрмеге қойылды
Көрме Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейінде өтіп жатыр. Келушілер ел суретшілерінің 260-тан астам еңбегін тамашалай алады. Кескіндеме, графика, мүсін және сәндік-қолданбалы өнер туындыларының орындау мәнері әртүрлі болғанымен, барлығын ұлттық нақыш біріктіреді. Осылайша, үлкен залда өнердің өткені мен бүгіні сабақтасып, жаңа шығармашылық ізденістер көрініс тапты. Қазақстан Суретшілер одағының XX съезі қарсаңында ұйымдастырылған көрмеде әр экспонаттың көркемдік-пластикалық және образдық формасына ерекше мән берілген.
ЖАНҰЗАҚ МҮСӘПІР
СУРЕТШІ
- Әр жылғы суретшілердің жұмыстары жаңаша серпін әкеледі. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты - халыққа рухани байлық беру. Рухани байлық әр адамның болашаққа деген сенімін арттырады. Өйткені мына бүгінгі уақыттың қалай өтіп жатқаны, бүгінгі уақыт пен болашақтың арасындағы байланысты бір-бірімен жалғастыратын - осы өнер адамдары.