Қонаевта 6-сынып оқушысы мектепте құлап, көз жұмды
Қонаевта 6-сынып оқушысы мектеп баспалдағынан құлап, көз жұмды. Қайғылы жағдай сабақ арасындағы үзіліс кезінде болған. Ойын баласы биіктен құлап, басынан жарақат алған. Ауыр жарақат алған бала дереу ауруханаға жеткізілгенімен, екі күн бойы арпалысқан дәрігерлер оны ажалдан арашалап қала алмады. Оқыс оқиға білім ордасындағы кезекті үзіліс кезінде болған. Куәгерлердің айтуынша, сабақ басталмас бұрын қатарластарымен ойнап жүрген бала үшінші қабаттағы баспалдақтың жақтауына отырып, төмен қарай сырғанаған екен. Сол кезде тепе-теңдікті сақтай алмай, биіктен құлап, бетон еденге басымен түскен.
ГҮЛЗАТ ЕРЖАНОВА - ҚОНАЕВ ҚАЛАЛЫҚ ОРТА МЕКТЕП-ГИМНАЗИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
- Оқушының құлап жатқанын көрген кезде хабарлап, жедел жәрдем шақырдық. Мектебіміздің медбикесі алғашқы көмек көрсетіп, сағат 13:37-де жедел жәрдем баланы ауруханаға алып кетті. Қауіпсіздік сақталған бізде, мұндай жағдай бірінші рет болып тұр.
Жедел жәрдем бригадасы оқушыны қалалық ауруханаға коматозды жағдайда жеткізген. Баланың жағдайына байланысты Алматы қаласынан арнайы дәрігерлер де шақыртылған. Алайда жарақатының өте ауыр болуына және миының қатты зақымдануына байланысты оқушының өмірін сақтап қалу мүмкін болмаған.
АЙДОС ҚИЗАТОВ - ҚОНАЕВ ҚАЛАЛЫҚ КӨПСАЛАЛЫ АУРУХАНАСЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
- Біз баланың жағдайын жіті бақылау үшін әр алты сағат сайын компьютерлік томография жасап отырдық. Алайда кезекті тексеру кезінде теріс динамика байқалып, мидың ісінуі күрт артты. Осыған байланысты шұғыл түрде ота жасадық. Жалпы, баланың жағдайы басынан бастап өте ауыр болды. Пациентке кататравма, ашық ауыр бас-ми жарақаты және бас сүйек негізінің сынығы секілді ауыр диагноздар қойылды. Дәрігерлер барын салды.
ДАСТАН МАРАТҰЛЫ - ТІЛШІ
- Бұл оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Қазір мектептегі қауіпсіздік пен өзге де мән жайы тергеліп- тексерілуде. Ал қайғыдан қан жұтқан ата-ана баларының сүйегін туған жері Қызылорда облысына алып кетпекші.