АҚШ компаниялары Алматы облысындағы жобаларға 250 млрд теңге инвестиция салады

Алматы облысы шетелдік инвесторлар үшін тартымды өңірге айналып келеді. Бүгінде аймақта америкалық капиталдың қатысуымен тоғыз кәсіпорын жұмыс істеп жатыр. 

Тағы үш инвестициялық жоба жүзеге асу және пысықталу кезеңінде. Олардың жалпы құны 250 миллиард теңгеге жуық. Кәсіпорындар іске қосылғанда 550-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл мәселелер Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов пен АҚШ-тың Алматыдағы бас консулы Питер Кауфманның кездесуінде талқыланды. Тараптар америкалық компаниялардың өңірдегі қызметін кеңейту, жаңа жобаларды іске асыру және өзара ынтымақтастықты нығайту жайын сөз етті. Сол жобалардың бірі - PepsiCo компаниясының бастамасы. Қазір Алатау қаласында чипс пен тіскебасар өнімдерін шығаратын зауыт салынып жатыр. Жобаның алғашқы кезеңіне 81 миллиард теңге инвестиция салынады. Кәсіпорын іске қосылғанда 300 адам жұмыспен қамтылмақ. 

ПИТЕР КАУФМАН - АҚШ-ТЫҢ АЛМАТЫ ҚАЛАСЫНДАҒЫ БАС КОНСУЛЫ
«АҚШ пен Алматы облысы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге мүмкіндік мол деп есептейміз. Әсіресе, сауда-саттықты дамыту, инвестиция тарту және жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыру бағыттары маңызды. Сонымен қатар заманауи технологиялар мен инновация салаларына да қызығушылығымыз жоғары. Өңірмен байланысты нығайтып, америкалық компаниялар үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашуды көздейміз.»

Сондай-ақ оқыңыз: