Шелек ауылында Сыбанқұл Қалбасұлының 160 жылдығы аталып өтті
Шелек ауылында қазақ күйшілік өнеріндегі Жетісу дәстүрінің көрнекті өкілі Сыбанқұл Қалбасұлының 160 жылдығы дүркіреп өтті. Мәдениет үйіне жиналған өнерсүйер қауым күйші мұрасымен қайта қауышып, домбыраның қоңыр үніне құлақ түрді.
Қожеке Назарұлы, Байсерке Құлышұлы мен Үсен төре сияқты Жетісу жерінен шығып, әйгілі күйшілер қатарын толықтырған Сыбанқұл Қалбасұлының бізге жеткен 20-дан аса күй мұрасы бар. Ендігі атқарылар басты шаруаның бірі - автордың бірегей күйлерін саралап, оркестрге енгізу. Сөйтіп ел ішіне кеңінен насихаттау дейді өнертанушылар. Себебі, тасада қалған өнер иесінің насихаты соңғы 20 жылдан бері ғана қолға алынған. Ал дәулескер күйшінің өмірі мен шығармашылығын арқау еткен рухани кеште, оның туындылары тыңдарман назарына ұсынылды. Әрі оның өнер мұрасын нотаға түсіріп, бүгінге жеткізген насихатшыларының еңбегі де аталып өтті.
АЙБОЛ ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ - КҮЙШІ
- Сыбанқұлдың шығарған күйлерінің басым көпшілігін нотаға түсіргенмін. Оның күйлері әр түрлі тақырыпта жазылған. Циклдық күйлері бар. Аққу, Атамекен деген күйлері бар. Аққуды бидайық құстың қуағаны. Аққудың балапандарын аймалағаны деген. Сосын Қара дөң, Жалғыз көзді әулие деген үш күйі бар. Жиренше шешен деген күйлері бар.
СҮЛЕЙМЕН МӘМЕТ - ЖАЗУШЫ
- Рахманқұл Бердібаев деген академик, өзі әдебиетші, өзі күйші кешегі Сүгірлерді танытқан кісі. Сол кісі Сыбанқұлдың үш аққуын тыңдағанда айтты. Мына күй сұмдық қой деді. Мен осыншама күйшімін, өзім ғалыммын. Мен мынадай күйді естімедім деді. Мен айтар едім. Бұл ұлттың руханияятына қосылған байлық. Ұлтты дамытатын рухани құндылық емес пе? Одан артық байлық болмайды. Сондықтан мұны қазақ өнеріне қосылған қазына деп айтуға болады.