Амур жолбарысы Іле-Балқаш резерватына бейімделіп, аң аулай бастады

Ұрғашысы пысығырақ! Балқаш маңына жіберілген жолбарыстардың бірі – Үміт азығын өзі тауып жеп жүр. «Іле-Балқаш» резерватының қорықшылары жыртқыштарды арнайы қарғыбаулар арқылы бақылап отыр. Мамандардың дерегінше, Үміт бүгінге дейін қабан, елік пен қасқыр аулап үлгерген. Оның жемтігін табу тәсілі де қорықшылардың көңілінен шыққан. Үміттен кейін, қазан айының соңында резерват аумағына жіберілген жолбарыстың еркегі – Амур да жаңа ортаға үйренісіп келеді. Әзірге ол екі рет өз азығын өзі тапқан. Мамандар екі жолбарыстың да қоршаған ортаға бейімделіп келе жатқанын айтады. Арнайы қарғыбаулар арқылы бақылаумен қатар, қорықшылар қамыс арасын және өзен бойын үнемі қадағалап отырады. Балқаш жолбарысы жойылып кеткен жануарлардың қатарына жатады. Соңғы рет қамыс арасында жүрген жыртқыш 70 жыл бұрын атылған екен. Үкімет содан бері жолбарыстың дәл сол түрін болмаса да, басқа түрін осы өңірге жерсіндіру жұмысын қолға алды. Қазір жабайы табиғатта екі жолбарыс жүр. Тағы екеуін мамандар дайындап жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз: