Қалың мал төлеген жігіт мәһір беруден босатыла ма? Мүфтият жауап берді
Қалың мал берген жігіт мәһір төлеуге міндетті ме? Көптің көкейінде жүрген сауалға мүфтият жауап берді. Қазақ дәстүрінде күйеу жігіт қалыңдықтың отбасына қалың мал беретіні белгілі. Оған әдетте қыздың жасауы әзірленеді. Ал исламда әйелге некеге байланысты берілетін жеке ақы – мәһір бар. Бұл екі ұғымның ара-жігін ажырата алмай жүргендер көп.
Сонымен, жігіт жағы қалың мал төлесе, мәһір беруден босатыла ма? Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы сұраққа жауап берді. Негізінде, қалың мал мен мәһір – қалыптасу тарихы мен құқықтық сипаты жағынан бір-бірінен ерекшеленетін екі ұғым. Десе де, Ғұламалар кеңесі күйеу жігіттің қалың мал ретінде берген дүниесін қыздың келісімімен мәһір ретінде есептеуге болады деген шешімге келген.
ТИМУР ӘЛИЕВ
АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ ОРТАЛЫҚ МЕШІТІНІҢ НАИБ ИМАМЫ
- Қалың малды мәһр ретінде санауға болады. Негізгі шарт ерлі-зайыптылар, күйеу мен қалыңдық келісіп жатса, қыздың иелігіне өтіп жатса, ризалығын білдірсе онда ол мәһр болып саналады. Ал енді әке-шешесіне берілетін басқа кәделер бар ғой «Ананың ақ сүті», «Әкенің күші» деген олар енді дәстүр бойынша мәһр болып саналмайды.