2 млн тонна астық қамбада: Алматы облысында өнім неге артты?
Алматы облысының диқандары биыл мол өнім жинады. 2 млн тонна астық қазір қамбада. Бұл көрсеткіш әлі де толығады. Өйткені шаруалар егін жинау жұмыстарының 99 пайызын орындаған. Қалған өнімді қараша айының соңына дейін жинап бітіру жоспарланып отыр. Биыл облыста жүгері, арпа мен бидайдың түсімі артқан. Мәселен, жиналған бидай көлемі 90 мың тоннадан асып отыр. Бұл былтырғы көрсеткіштен 30 мың тоннаға артық. Жиналған астық өңдеуге жіберіліп, одан ұн мен өзге де дайын өнімдер шығарылады.
НҰРЛАН ТӨЛЕЕВ - ASIA AGRO FOOD ДИІРМЕНІНІҢ БАСШЫСЫ
- 100 пайыз автоматтандырылған. Бір ауысымда үш-ақ адам жұмыс істейді. Бүкіл 400 тонналық диірменнің бүкіл процесін, циклын қадағалап жүрген. Тәулігіне 400 тонна астық өңделеді. 400 тонна бидайдан 300 тонна ұн аламыз 325 тонна, одан бөлек малға азық деген кебегі бар, ол бар 175 тонна кебегі.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы астық түсімінің артуына су үнемдеу технологияларының септігі тиді деп отыр. Бұған қоса, егістікті уақытылы күтіп-баптау мен мемлекеттік қолдау да оң әсер еткен. Биыл диқандар 439 мың гектар алқапқа дән еккен. Бұл да былтырғыдан 11 мың гектарға көп.
ЕРЛАН БЫДЫШЕВ - АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
- 2025 жылғы бюджетте субсидиялауға 32,8 миллиард теңге көзделді. Оның ішінде мал шаруашылығына 14,3 миллиард теңге, өсімдік шаруашылығына 3,3 миллиард теңге, инвестициялық субсидиялау мен тамшылатып суаруға 10,4 миллиард теңге, лизинг бағытына 4,4 миллиард теңге қарастырылды. Бұған қоса, «Ауыл аманаты» бағдарламасы мен тауарлы сүт фермаларын дамытуға 10,5 миллиард теңге кредит қаражаты көзделді. 2026 жылға облыстық бюджетте 39,4 миллиард теңге субсидия жоспарланды.
Жиналған өнімнің бір бөлігі ішкі нарықты қамтыса, қалғаны шетелге экспортталады. Сыртқы нарыққа негізінен жүгері, ұн, макарон өнімдері мен өсімдік майы шығарылады. Өңірдің басты сауда серіктестері — Қытай мен Орталық Азия елдері. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша облыстың жалпы экспорт көлемі 811 миллион долларға жеткен.