АЭС, әуежай және жаңа теміржол станциясы: Үлкен ауылында не өзгереді?
Үлкен ауылында әуежай салынады. Мұндай жоспарымен облыс әкімі Шыңғыс Әрінов Жамбыл ауданының тұрғындарымен кездесуде бөлісті. Жамбыл ауданына қарасты Үлкен ауылында АЭС құрылысы басталатыны белгілі. Ал әуежай – сол маңдағы инфрақұрылымды дамыту жоспарының бір бөлігі ғана. Бұдан бөлек, Қайраткөл теміржол станциясы да заман талабына сай жаңартылмақ. Қазір Жамбыл ауданындағы бес мектеп үш ауысымда жұмыс істеп жатыр. Тозығы жеткен, апатты жағдайда тұрған нысандар да жоқ емес. Мәселен, Қопа ауылындағы 1963 жылы салынған мектепке күрделі жөндеу қажет. Газ бен ауызсу мәселесі де өзекті. Көмір тасып, от жағудан шаршаған тұрғындар өңір әкіміне базынасын жеткізді.
«Ауыл халқы мына от жаққаннан, көмір жаққаннан әбден шаршады. Бізге газ керек болып тұр. Аудан бойынша 61 елді мекен бар екен, соның 3 мекенінде газ қосылмай отыр. Бірінші - Көкқайнар, Қызылшоқ және өзім тұрып жатқан Қопа ауылы.»
Бұл сұраққа жауапты мамандар газдандыру сызбасының қайта пысықталып жатқанын айтты. Құжат дайын болған соң, келер жылы жұмыстар басталмақ. Қасымбек ауылында 25 адамға арналған медициналық нысанның құжаттары дайын. Оның құрылысына келесі жылы қаржы бөлу мәселесі министрлікпен келісілген. Мұндай жобалар аз емес. Облыс әкімі олардың біртіндеп жүзеге асатынын айтып, жаңа нысандарды салғанда басты назар сапаға аударылуы керектігін ескертті.
ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
- Сапалы, көп жылдар бойы халыққа қызмет көрсететін нысандар салу қажет. Көріп жатырмын, кейбір мәдениет үйлеріне қанша ақша кетеді, қанша зәулім ғимарат салынады, бірақ бірнеше жылдан кейін құлап, халыққа дұрыс қызмет көрсете алмайды. Сондықтан бәрін дұрыс жоспарлап, бюджет қаражатын тиімді пайдалану керек. Ертең оның игілігін халық көруі тиіс.
Сапасы сын көтермейтін жолдар мен ғимараттар, қаңғыбас иттер және тозығы жеткен нысандардың жай-күйі де назардан тыс қалмады. Ал шешімін тапқан мәселелерге тоқталсақ, жыл соңына дейін Арқарлы ауылындағы 294 тұрғын газға қол жеткізеді. Сонымен қатар Ұзынағаш ауылында су бұру желісін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жоба іске асырылғаннан кейін 5 мың тұрғын үй мен 100 бюджеттік және әкімшілік ғимарат орталықтандырылған жүйеге қосылады.
Жамбыл ауданына қарасты Үлкен ауылында еліміздегі алғашқы атом электр станциясы салынатыны белгілі. Ендігі міндет – елді мекеннің инфрақұрылымын дамыту. Бірінші кезекте тасжолдар ретке келтіріліп, Қайраткөлдегі теміржол станциясы заман талабына сай жаңартылмақ. Одан кейін Үлкен ауылында әуежай салу жоспарланып отыр.