Алматы облысында жарты ғасыр жөндеу көрмеген мектепте 260-тан астам бала оқып жатыр
Жасанды интеллект, цифрлық технология заманында өркениет көшіне ілесе алмай қалған мектеп бар Райымбек ауданында. Дәуір талабын былай қойғанда, оқу орны ғимаратының өзі әбден тозған. Қызылшекара ауылындағы орта мектептің жөндеу көрмегеніне жарты ғасырға жуық уақыт болған. Шатыры шұрқ тесік, қабырғасы сөгіліп жатыр. Сылағы да түсіп, едені опырылған апатты нысанда қазір 260-тан астам оқушы білім алуға мәжбүр. Көркі қашқан мектептің көштен қалғанына қанша жыл болса да мәселенің шешілетін түрі жоқ. Ал ата-аналар ұл-қызының қауіпсіздігіне алаңдаулы.
МАХАББАТ НҰРАДИЛОВА
ҚЫЗЫЛШЕКАРА АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
- Менің бұл мектепте 4 балам оқиды. Мектептің жағдайы нашар. Мен де балаларымның жарық, заманауи мектепте оқығанын қалаймын және бұл жөндеу жұмыстары уақытында басталып, уақытында аяқталса деймін. Бұл - жалпы көп ата-аналардың атынан қоятын талабымыз.
Мектепте балалардың сапалы білім алуына жағдай тұрмақ, жөнді жылу жүйесі де жоқ. Күн суытса, сыныптарға электр пештері қойылады. Білім саласына жауаптылар мәселе шешімін табады деп сендірді. Айтуларынша, нысанды күрделі жөндеуден өткізу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзір. Тек теңгенің қашан бөлінетіні әлі белгісіз.
АЙГҮЛ МАРАЛБАЕВА
АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
- 2027 жылға күрделі жөндеу жүргізілетін мектептер тізіміне ол мектеп енгізіліп, бюджеттен қаржы бөлуге енгізілді. Қазіргі уақытта ол ұсыныс қаралу үстінде. 2027 жылдың бюджетін енгізу кезінде облыстық комиссия тарапынан қаржы бөлуге қолдау табылған жағдайда мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.