Тоқаев: жемқорлыққа барғандар заң алдында жауап беруі тиіс
Парақорларға ешқандай аяушылық болмайды. Ал кінәсі дәлелденгендер заң алдында жауап беруі тиіс. Бұл туралы бүгін III Стратегиялық серіктестер форумында сөз сөйлеген Президент айтты. Жемқорлық елдің сеніміне селкеу түсіреді әрі мемлекеттің дамуына тұсау болатын негізгі факторлардың бірі.
Заң алдында бәрі бірдей болуы тиіс. Сонда ғана реформаларды соңына дейін жеткізіп, елдің үмітін ақтай аламыз, – деді Мемлекет басшысы.
Астанада өтіп жатқан форумда жоғары білім мен ғылымның сапасын арттыру, оларды дамыту және осы салаларға жасанды интеллектіні енгізу мәселелері талқылануда. Жиынға 400-ден астам университет пен халықаралық ұйымның өкілдері жиналған. Ғылымды дамыту бағытында елімізде атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Қазақстанды Орталық Азиядағы академиялық хабқа айналдыру – стратегиялық мақсаттардың бірі. Сондай-ақ Президент қазіргі күрделі геосаяси жағдайда ғылыми қауымдастықтың халықаралық мәселелерге қатысты пікірі ерекше маңызды екенін айтты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ - ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ
- Себебі қазіргі тұрақсыз, бұлыңғыр заманда әлемдік университеттер қауымдастығы өздерінің салмақты пікірлері мен ұстанымдарын айтуы керек. Сіздердің, яғни ғылым өкілдерінің халықаралық шиеленістердің азаюына қосатын үлесі өте маңызды.