Талғарда 10 мың орындық стадион салынады: ауданға 56 мың турист келген

Талғар ауданында 10 мың орындық үлкен стадион салынады. Бұдан бөлек, ауданның туристік әлеуеті де күн санап артып келеді. Биылдың өзінде аймаққа 56 мыңға жуық турист келген. «Oi-Qaragai» тау шаңғы кешені ТМД елдері арасындағы үздік курорт деп танылды. Бұл Алматы облысының туристік әлеуеті жоғары екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Мұның бәрі облыс әкімі Шыңғыс Әріновтің Талғар ауданы халқына есеп беру кездесуінде айтылды.

Биыл Талғар ауданының дамуына 92 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінген. Әсіресе кәсіпкерлікке қолдау көрсетуге басымдық беріліп отыр. Мәселен, аймақта биыл екі ірі өндіріс орнын іске қосу жоспарланған. Оның бірінде жылына 4 мың тоннаға дейін көкөніс өндірілсе, екіншісінде 200 мың тоннаға дейін мал азығы дайындалады. Осындай жобалардың нәтижесінде Талғардан түсетін салық түсімдері артып, жалпы өндіріс көлемі 560 миллиард теңгеге жуықтаған. Сонымен қатар 198 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұдан бөлек, өңірде халықаралық деңгейдегі жобалар да жүзеге асырылуда.

ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ, АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

Облыс әкімінен мәселелерінің оң шешілуін сұрай келген тұрғындардың да қарасы қалың. Мәселен, Жаңалық ауылының тұрғындары жол мәселесін көтерді. Бұдан бөлек, үйлеріне тартылып жатқан газдың сапасына көңілдері толмайды екен. Ал Бірлік пен Талдыбұлақ ауылдарының тұрғындары тасжол салуды сұрайды.

- Бірлік, Талдыбұлақ ауылының бейіті бар тауда. Сол жолға жылдар бойы жол салынбай келе жатыр. Ешкім қадағалап жүрген жоқ. Енді мына жерде адам қайтыс болғанда сол жаққа апара жатқанда адам сырғанап түсіп кеткен кездерде болды. Соған жол салып беруіңізді сұраймын.

Бұл сұраққа жауап берген аудан әкімі бейітке апаратын жолдың мемлекеттік актісі дайын екенін айтты.

ӘНУАР ӘСКЕРБЕКОВ - ТАЛҒАР АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ

Облыс әкімі Талғар ауданы тұрғындарының өтініштерін тыңдады. Кездесу барысында бірқатар өзекті мәселе көтерілді. Соның бірі – Гүлдала мен Бесағаш ауылдарының бас жоспарына қатысты. Тұрғындардың айтуынша, Бесағаш ауылының қолданыстағы бас жоспары 1974 жылы бекітілген. Содан бері елді мекен аумағы едәуір ұлғайғанымен, жаңа бас жоспар әлі әзірленбеген. Салдарынан кейбір тұрғындардың өз жер телімдеріне қатынауына кедергі келтіретін жол мәселесі шешілмей отыр. Жиында Талғар ауданы тұрғындарына арналған «Жарқын өмір» пилоттық жобасын іске қосу мәселесі де айтылды.

Сондай-ақ оқыңыз: