Қарабұлақ тұрғындары әлі күнге дейін көмір жағып отыр

Арманға айналған газ! Талғар ауданының Қарабұлақ елді мекеніндегі көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары терезеден мұржа шығарып қойып, әлі күнге дейін көмір жағып отыр. Модульді қазандық орнатуға уәде берілгеніне талай жыл болған. Бірақ заманауи қазандық әлі қағаз жүзінде ғана. Ауданда әкім ауысқан сайын жаңа уәделер де айтылады. Қарабұлақ тұрғындары бұған үйреніп те қалған. 

Қарабұлақ ауылында алты көпқабатты тұрғын үй бар. Онда 120 отбасы тұрады. Бірақ көпқабатты үйге қажетті негізгі коммуникациялардың бірі де жоқ. Суды тасып ішу олар үшін қалыпты жағдайға айналған. Ал қиындықтың көкесі күн суытқанда басталады. Тұрғындар мұржаны терезеден шығарып, пеш жағуға мәжбүр. Көмірді жоғары қабатқа тасып, жанып біткен күлін қайта төмен түсіру де оңай емес.

ОЛЬГА ЯНОВЕЦ - ҚАРАБҰЛАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
- Біз биыл әкімдіктегілер салқын түспей жұмысты бастайды деп үміттенген едік. Тіпті кіреберістерге дейін газ құбыры келіп тұр. Бірақ қазандық қойылмады. Құжаттарды жинап, өтініш беріп жүргенімізге бесінші жыл. Олар қазандық орнатуға қаржы қарастырылмай жатқанын алға тартады. Сонда біз қыстан қалай аман-есен шығамыз? Қазір осылай үйді пешке көмір жағып жылытамыз. Ал кейбіреулер электр плиталарын пайдаланады.

Тоқ пеш көмір тасығаннан әлдеқайда жеңіл болғанымен, электр желілеріне үлкен салмақ. Оның арты қауіпсіздікке тіреледі. Бұған тағы жарықтың бағасын қосыңыз.

НҰРЗАДА КҮМІСБЕКОВА - ҚАРАБҰЛАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
- Қыс мезгілінде айына 50 мыңнан 100 мыңға дейін шығады. Биыл күйеуім электр пешін ауыстырып қойды. Соның өзінде. Ал газ келеді деп айтқалы көп болыпты. Бірақ әлі жоқ.

Ал ауыл әкімінде жаттанды жауап. Айтуынша, модульді қазандықтың жобалық құжаттамасын жасап, мердігеріне дейін анықтап қойған. Бірақ, шаруа биыл да бітпейді. Өйткені, қаражат жоқ. Қашан болатыны да нақты белгісіз. Тек сол ақша бөлінгеннен кейін ғана мәселе түбегейлі шешіледі екен.   

ДУМАН НҰРҒАЗЫ - ПАНФИЛОВ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ
- Қаржы менің өзімнің округімнен бөлінбегеннен кейін нақты айта алмаймын. Бірақ аудандық ЖКХ бөліміне өтінім беріп қойдық. Енді келісімшарты бәрі дайын тұрған жобаға қаржы бөлінуі қиын болмайды. Менің ойымша келесі жылыту маусымына дейін ол жаққа қазандықтар қойылады.

Бұл көпқабатты тұрғын үй кешенінің кәріз жүйесі де ескіріп, жарамсыз болуға шақ қалған. Газ келгенше ол да үлкен проблемаға айналғалы тұр. Ал көгілдір отынның ауылы әлі алыс. Әкім қанша «тігісін жатқызып» уәде бергенімен, тұрғындар биыл да жаңа жылды көмір жағып қарсы алуға мәжбүр болады.

Сондай-ақ оқыңыз: