Бес асық: Талғар оқушылары ұлттық ойынды жаңа деңгейге көтеріп жүр

Ұлттық ойын – ұлт мұрасы! Бүгінде қазақтың төл өнері бес асық қайта жаңғырып, кеңінен насихатталып келеді. Ұлттық ойынды ұлықтап жүрген білім ордаларының бірі – Талғар ауданындағы №24 мектеп. Төрт жыл бұрын дене шынықтыру пәні мұғалімінің бастамасымен «Алтын сақа» үйірмесі ашылған. Осындағы оқушы қыздар бес асықтың қыр-сырын меңгеріп, түрлі деңгейдегі жарыстарда Алматы облысының намысын қорғап жүр.

АЙГҮЛ ТЕЛТАЕВА - ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ ПӘНІНІҢ МҰҒАЛІМІ
- Қазіргі таңда жалпы бес асық ойынын ойнайтын өңірлер, өңірлердің бір-біріне бәсекелесуі жоғарғы деңгейде. Біздің Алматы облысы да қазіргі кезде енді фаворит деп айтсақ болады. Өте жақсы ойын көрсетіп жатырмыз. Оқушылардың қызығушылығы, осы көзқарасы бес асыққа деген өте жоғары. Себебі біздің ұлттық құндылығымыз. Қазір ұлттық құндылықты дәріптеу, ұмыт қалған мұрамызды жаңғырту - біздің ең басты мақсатымыз.

Үйірме оқушылары республикалық жарыстарда да топ жарған. Олардың қоржынында қола, күміс медальдармен қатар, Қазақстан чемпионы атағы да бар. Биыл Ақтөбеде өткен жазғы ауыл ойындарында екінші орыннан көрінді.

ҚҰРАЛАЙ САУРАНБАЕВА - 9-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ
- Осы ойын арқылы мен стратегиялық ойлауды, белгілі бір затқа зейінімді шоғырландыруды, сабыр сақтауды, жалпы бір затқа фокус қоюды үйрендім. Ал болашаққа қойған мақсатым – мен Азия ойындарында, Көшпенділер ойындарында, әлемдік додаларда өзімнің Қазақстанымның атын, өзімнің абыройымды, мектебімнің, облысымның атағын шығарғым келеді.

Алда жас спортшыларды облыстық және республикалық деңгейдегі бірқатар жарыс күтіп тұр. Қазір олар Ұлттық мектеп лигасының облыстық кезеңіне дайындық үстінде. 

Сондай-ақ оқыңыз: