«Сарытауқұм» ансамбліне - 45 жыл: өнер ұжымы мерейтойын атап өтті
«Сарытауқұм» ән-би ансамбліне 45 жыл. Мерейтой қарсаңында Іле ауданында «Үш кезең – бір дәуір» деген атаумен концерт өтті.
Алтын Сабыралиева негізін қалаған өнер ұжымы 45 жыл бойы қазақтың ұлттық музыкасы мен би өнерін насихаттап, мәдени мұраны дәріптеуге үлес қосып келеді. 1979 жылы Ақши ауылында құрылған ансамбль ширек ғасырда талай белесті бағындырған. Ел арасында кеңінен танылды. Жыл өткен сайын талантты өнерпаздар қатары көбейіп, ұжым көркейеді. 1997 жылы ауыл тарап, мәдениет үйі жабылған кезде де бұл өнер ұжымы сүрінген емес. Керісінше, өнерді жаны сүйетін шын таланттардың жаңа кезеңі басталыпты. Мерейтойлық концертте осы еңбек еленіп, ансамбль жетекшілері мен әртістері арнайы марапаттарға ие болды.
МАРАТ ҚАШҚЫНБАЕВ
АНСАМБЛЬДІҢ БҰРЫНҒЫ ЖЕТЕКШІСІ
- Менің кезімдегіден салыстырғанда қазір бірнеше бас биік тұр. Мына технологиялардың жетістігін пайдаланып, дыбысты үйлестіріп, көркемдеп, әрлеп, ғажап өнерге айналдырған. Нағыз өнердің биік шыңы деген осы.
ҚАРЛЫҒАШ АХМЕТБАЕВА
Н. ТІЛЕНДИЕВ АТЫНДАҒЫ ІЛЕ АУДАНДЫҚ МӘДЕНИЕТ ҮЙІНІҢ ДИРЕКТОРЫ
- Сарытауқұм ән-би ансамблі өзімен егіз, бірге келе жатқан халық театр ұжымы бар. Ол ұжымда кезінде Ақши мәдениет үйі жанына құрылған. Бұл екі ансамбльді бірге ауыстырып алғанбыз ауданға. Екеуі бірігіп қазір композициялық қойылымдар, сахналық драмалық спектакльдерді бірігіп ойнап жаңаша бағытта, заманауи бағытта жастарға түсінікті болатындай, көненің репертуарын қазіргі заманға келтіріп сахналық орындаушылық шеберлігін арттырып жүр.