Қонаевта өткен Qonaev Run – 2026 марафонына 1500-ден астам адам қатысты

Қонаев қаласында алғаш рет Qonaev Run 2026 марафоны өтті. Мың жарымнан аса адамның басын қосқан ауқымды спорттық шара, Алматы облысы мен Қонаев қаласы әкімдіктерінің қолдауымен ұйымдастырылды. Бұқаралық додаға әуесқойлардан бастап кәсіби желаяқтарға дейін қатысты. Олардың бірі жүлделі орыннан дәмелі болса, енді бірі өз төзімділігін сынап шыққандар. Төрт санат бойынша өткен жүгіру жарысы тек спорттық бәсеке ғана емес, тұрғындар арасындағы бірлік пен спортқа деген сүйіспеншіліктің айқын көрінісі іспетті. Сайыс алдында қала әкімі Асхат Бердіханов қатысушыларға сәттілік тілеп, өңір спортының дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға алғысын білдірді. Сондай-ақ, шаһар басшысы қатысушылармен бірге жарыс жолына шығып, мәреге дейін жүгіріп өтті.

ДАМИР КҮЗЕМБАЕВ - ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНЫҢ ДЕНЕ ШЫНЫҚТЫРУ, СПОРТ ЖӘНЕ ТУРИЗМ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
- Бұл жарысқа Тараз қаласынан, Талдықорған, Алматы, міне жан-жақтан еліміздің әр өңірінен қатысушылар келіп, тіркеліп. Осы жылы тағы да біз балалар арасында балалар күніне, ересектер арасында велопробегтер өткізген болатынбыз. Халқымыздың басын біріктіріп, спортқа баулу.

Мың жарымнан астам адам бақ сынаған додада нағыз тартысты бәсеке өрбіді. 5 шақырымдық қашықтықты 18 минутта бағындырған Ердәулет Қасымжан мәре сызығын бірінші кесіп, жеңімпаз атанса, әйелдер арасында Милена Леонова үздік нәтижемен топ жарды. 

ЕРДӘУЛЕТ ҚАСЫМЖАН - ЖАРЫС ЖЕҢІМПАЗЫ
- Ақша айырбастау пунктінде жұмыс істеймін. Үш жыл болды жүгірумен айналысып жүргеніме. Тренерім бар, әуесқой жүгірушімін. Дайындалып жүргеннен кейін нәтижесін көру керек осындай кезде. Барлық дайындығымды осы жерге салып, ұтуға тырыстым. Шүкір, ұттық.

Шараның басты мақсаты - бұқаралық спортты дамыту әрі тұрғындарды салауатты өмір салтына баулу. Жарыстан бөлек, алаңда балаларға тәттілер таратылып, робот көпшіліктің көңілін көтерді. Сонымен қатар Мұрат Сіргебаевтың ретрокөліктері мен мотоциклдері де жиналғандардың ерекше ықыласына бөленді.

Сондай-ақ оқыңыз: