SAQTAN: жастар арасындағы 175 құқықбұзушылық анықталды
Алматы облысында жастар арасындағы жат әдеттер мен құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған SAQTAN жобасы екінші жыл қатарынан жүзеге асып келеді. Биыл жұмыс ауқымы тіпті кеңейе түскен.
Оқу ордаларында психологтармен кездесулер ұйымдастырылып, танымдық фильмдер көрсетілді. Жастардың санасына ой салып, қоғамдағы өзекті мәселелерге бейжай қарамауға үндеген кездесулерге 2 мыңға жуық жас қатысқан. Онда нашақорлықтың зардабы, есірткі саудасының салдары мен өзге де құқықбұзушылықтардың алдын алу мәселелері түсіндірілген. Бірақ кеңеске бәрі бірдей құлақ аса бермейтіні тағы бар. Әсіресе түнгі уақытта ата-анасының қарауынсыз ойын-сауық орындарына баратын, көшеде бейсауыт жүретін жасөспірімдер аз емес. Оларға 175 әкімшілік хаттама толтырылып, 26 ата-анаға ескерту берілген екен. Құзырлы органдар кәсіпкерлерге де заң талаптарын түсіндіріпті.
МӘДИ АХМЕТОВ - АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ЖАСТАР САЯСАТЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ
- Негізгі мақсат бұл - өскелең ұрпақ, жастардың арасында жат пиғыл, лудомания, суицид одан кейін нашақорлыққа қарсы профилактикалық жұмысты кешенді түрде жүргізу.
Бос уақытты тиімді пайдалану жастарды жаман әдеттен сақтаудың бір жолы. Осыны ескерген SAQTAN жобасының ұйымдастырушылары жастардың дене шынықтырып, спортпен шұғылдануына да басымдық берген. Футбол мен волейболдан өткен жарыстарға 11 колледждің студенттері қатысса, облыстық спартакиадада 500-ден астам спортшы бақ сынапты. Бұдан бөлек, әлеуметтік желілерге суицид, құмар ойындар мен интернетке тәуелділіктің алдын алуға арналған бейнероликтер әзірленген. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады.