Облысты тазартуға миллионға жуық адам атсалысты

Алматы облысында «Таза Қазақстан» акциясының биылғы маусымы аяқталды. Өңірде жыл басынан бері 41 жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылған. Бұл жолы да тазалық жұмыстарына мыңдаған тұрғын, еріктілер мен мемлекеттік мекеме қызметкерлері қатысты. Жыл бойы жалғасқан экологиялық шараның соңғы кезеңінде елді мекендердегі көшелер, саябақтар мен қоғамдық орындар күл-қоқыстан тазартылды. 

Жыл бойы жалғасқан тазалық керуені Алматы облысының жеті ауданы мен облыстық маңызы бар екі қаласын қамтыды. Экологиялық іс-шараларға миллионға жуық адам қатысып, 22 мың тоннадан астам қоқыс жиналған. Сондай-ақ 14 мың гектардан астам аумақ тазартылды.

АЛИНА ТҮСІПБАЕВА - АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ ЖӘНЕ АБАТТАНДЫРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ
- Өңірде санитарлық тазалықтарды жүргізу мақсатында алаңдарды, көшелерді қоқыстан тазарту және де ағаштарды санитарлық кесу, сонымен қатар өңірлік жоспарға сәйкес ағаш отырғызу жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Біз жоспарға сәйкес, қараша айының соңына дейін сенбілікті жүргізу жоспарда болған сенбіліктерді өткізіп, бүгін соңғы сенбілікті өткізіп жатырмыз. 

Қорытынды сенбіліктің өзіне 21 мыңнан астам адам қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік орган өкілдері, еріктілер мен тұрғындар бар. Бір күннің ішінде 338 гектар аумақ тазартылып, 295 тонна қоқыс шығарылған. Оның 240 тоннасы қайта өңдеуге жөнелтілген. Қайта өңдеуге пластик, шыны, қағаз, резеңке мен металл қалдықтары сұрыпталып тапсырылды.

ХАНЗАТ СЕРІКБАЙ - ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
- Бүгінгі таңда осы жыл басынан бері қаншама сенбіліктер өтті. Өте жоғары деңгейде жақсы өтіп жатыр. Апта сайын, күнделікті қатысып отырмыз. Өзгерістерді өз көзіммен байқаймын. Қаланың көркеюіне, тазалығына өте жоғары үлес қосып жатыр деп ойлаймын.

«Таза Қазақстан» акциясының биылғы 41-ші сенбілігі мәресіне жеткенімен, тазалық жолындағы жұмыс мұнымен тоқтамақ емес. Көктем шыға экологиялық шаралар қайта жалғасып, өңірді абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстары жаңа қарқынмен қолға алынбақ.

Сондай-ақ оқыңыз: