Энергетикалық сусындарға тыйым салына ма? Депутат өндіріс пен импортты тоқтатуды ұсынды
Қазақстанда энергетикалық сусындарды өндіруге және шетелден әкелуге толық тыйым салынуы мүмкін. Мұндай ұсынысты бүгін Құрылтай депутаты Мақсұт Насибулов көтерді.
Оның айтуынша, энергетикалық сусындарды шамадан тыс тұтыну адам өміріне қауіп төндіріп отыр. Депутат бұған 2025 жылы болған екі оқиғаны мысалға келтірді. Павлодарда күн сайын төрт құтыға дейін энергетикалық сусын ішкен 20 жастағы жігіттің жүрегі ұстап, жансақтау бөліміне түскен. Ал Алматыда күніне 8-10 құтыны босатқан 34 жастағы азаматқа жүрек трансплантациясы жасалыпты. Тағы бір алаңдатарлығы - энергетикалық сусындар саудасының қарқын алуы. 2023 жылы Қазақстанда 215 миллион литр энергетикалық сусын сатылса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 355 миллион литрге жеткен. Өсім - 65 пайыз. Депутат Үкіметтен 21 жасқа толмағандарға энергетикалық сусын сатуға қойылған тыйымның орындалуын тексеруді, интернеттегі сауданы бақылауды және энергетикалық сусындардың денсаулыққа әсеріне қатысты ғылыми зерттеу жүргізуді сұрап отыр.
МАҚСҰТ НАСИБУЛОВ - ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТЫ
- Жасқа байланысты шектеу енгізіліп, энергетикалық сусындарға қосымша салық салынғанымен, оларды тұтыну көлемі не себепті азаймай отырғанын анықтау қажет. Сонымен қатар басқа елдердің тәжірибесін зерттеп, Қазақстанда энергетикалық сусындарды реттеудің жаңа жолдарын қарастыру керек. Тіпті оларды өндіруге, шетелден әкелуге және елімізде сатуға толық тыйым салу мәселесін де назардан тыс қалдырмау қажет.