Жылу орталығындағы өрт және жылусыз қалған тұрғын үй кешені: Қонаевта қысқа дайындық тексерілді
Қонаевтағы жылу орталығында апат болды. Жылу қазандығы өртеніп, бір тұрғын үй кешені жылусыз отыр. Бұл - облыс орталығында өтіп жатқан «Қыс-2026» командалық-штабтық оқу жаттығуының сценариі. Төтеншеліктер қыстың қақаған аязындағы шұғыл іс-қимылды іс жүзінде сынап көрді. Дабыл қағылысымен қаланың барлық шұғыл қызметі аяқтан тік тұрды. Алдымен жеке құрам мен арнайы техниканың дайындығы тексеріліп, штабта әр ведомствоның міндеті пысықталды. Ал негізгі жұмыс жылу орталығының аумағында. Мұндағы жағдай төтенше ахуалға барынша жақындатылған.
ДИДАР АСҚАРБЕКОВ - ҚОНАЕВ ҚАЛАЛЫҚ ТЖБ БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
- Бұл оқу жаттығуының алғашқы мақсаты жалпы қала аумағындағы азаматтық қорғау күштері мен құралдарын қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға дайындығын зерделеу мақсатында өткізіледі. Яғни әртүрлі сценарийлер қойылады. Кемшіліктер бар әрине. Төтенше жағдай кезінде емес, осындай оқу жаттығу кезінде тапқанымыз дұрыс.
Шартты апат кезінде сыртта -25 градус аяз. Отқа оранған нысанға жеткен өрт сөндірушілер жалынды ауыздықтап, іштегі адамдарды құтқарды. Дәрігерлер зардап шеккендерге жәрдем берді. Ал тұрғындар жылыту пунктіне жеткізіліп, мамандар жылу желісін жедел қалпына келтіру жұмыстарын атқарды.
МАХАМБЕТ ОҢҒАРБЕК - «ЖЫЛУ ОРТАЛЫҒЫ» ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
- Жылу орталығында төтенше жағдай жаттығу өтіп жатыр. Зардап шеккен екі адамды өрт сөндірушілер алып шықты. Қазіргі таңда Қонаев қаласына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Жылу беру қайта қалпына келтірілді, қазандықтар жұмыс істеп жатыр.
Төтеншеліктер мұндай жаттығу қалада бекітілген кесте бойынша өткізілетінін айтады. Негізгі нысандар - білім ордалары мен адам көп жүретін жерлер. Қыста қандай жағдай болса да, ең бастысы халықты аязда далада қалдырмай, қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты назарда.