Жамбылдың 180 жылдығына арналған халықаралық айтыс өтті

Сөз өнері төрге озған күн! Алматыда "Жамбыл жыры ұлт рухының жаршысы" атты студенттер айтысы өтті. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде ұйымдастырылған өлең додасына Қытай, Қырғызстан және Өзбекстаннан да жас талаптар келген. «Өлеңге Жамбыл жүйрік, әнге Кенен. Су жорға Үмбетәлі қара дөнен» деп Ілияс Жансүгіров жырлағандай бұл үшеудің Жамбыл жұрты үшін ғана емес Алаш баласы үшін бағасы биік тұлғалар. Биыл жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойы. Ел ұмыт қалдырған жоқ. Дәстүрлі студенттер айтысы биыл аталған мерейтойға орай халықаралық деңгейде ұйымдастырылыпты. 

МАҚСАТ ЖАҚАУОВ - АБАЙ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ПРОРЕКТОРЫ
- Бұл жерде атап айтсақ Қытай халық республикасынан, Өзбекстаннан, Қырғызстан республикасынан кәдімгі сен тұр мен атайын деген студент айтыскерлер келіп, өнерін көрсетіп отыр. Бұл жылда жасалып жатқан айтысымыз көлемі ғана емес мазмұны жағынан да кеңейіп жатыр деп айта аламын.

Таяқ еттен өткенде, сөз сүйектен дегендей жыр додасы өткір әзілсіз болсын ба? Қағысуға бекініп келген ақындар бетің жүзің демеді. Қарсыласын жіпсіз матап, қызыл тілмен тұқыртуға тырысты. Алғашқы жұпта шыққан қырғыз бен қазақ ақындарының айтысы көрерменді күлкіге қарық қылды. Жас қырандар Жамбылша шабытын ширатып, жаңбырынша жырын төкті.  

АСҚАР АЯЗБЕКОВ, АЙТЫСКЕР (ҚЫРҒЫЗСТАН)
- Жамбыл Жабаев атамыз өзі екі елдің достығын жырлаған, екі елдің ортасына алтын көпір болған адам. Бұйырса бүгін жақсы келдік барлығын құдай біледі. Енді сол атамыздың ізімен екі елдің достығын, бірлігін жырлайық деп келдік.

ДАНИЯР БОЛАТХАН - АЙТЫСКЕР
- Былтыр Ораз, Сүйімбай, Абай атамызға арналған айтыста бірінші орын алғамын. Биыл одан да жоғары дайындықпен бас жүлде алсам ба деп келіп отырмын. Айтыс баршаға рухани азық. Мұнда бір ғана емес бірнеше өнер тоғысқан. 

Сұлу сөзді сығымдаған суырыпсалма өнер сайысының бұл жолғы жүлде қоры 5 миллион теңге шамасында. Ал басты көздегені - төл өнерді төрге оздырып, Жамбыл мұрасын жастар арасында насихаттау.

Сондай-ақ оқыңыз: