111 отбасы пәтерлеріне құжат ала алмай жүр

Қаскелеңде құжаты жоқ көпқабатты үйге қыруар қаржы салып, соңында сан соққан 111 азамат енді қайда барарларын білмей дал. Тіпті сол қағазына да қарамай 12 отбасы көптен күткен баспанасына қоныстанып алыпты. Бірақ, олар алдағы уақытта сот шешімімен пәтерлерден шығарылуы мүмкін. Қыс көзі қырауда тұрғындар қайда барады? Мәселенің түйіні неде? 

Қаскелең қаласы маңындағы жеке тұрғын үйге арналған бұл аумаққа мердігер компания 2021 жылдан бастап көпқабатты тұрғын үйлер сала бастаған. Пысық кәсіпкер әлі қабырғасы қаланбаған үйлерін үй іздегендерге дереу сатып та үлгеріпті. 

ДІН-СҰЛТАН БЕЙСЕНБЕК - ҚАРАСАЙ АУДАНДЫҚ СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫС БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ
- Көппәтерлі тұрғын құрылысын жүргіземіз дейді де өздеріне үлескерлер тартып ақшаларын алған. Бірақ бұл жерге көпқабатты тұрғын салуға рұқсат етілмеген. Бірде-бір құжаты жоқ.

Белгілі болғандай кәсіпкер бұл маңнан жалпы үш қабатты 5 бірдей тұрғын үй кешенін салып үлгеріпті. Бірақ біреуінде де заңды құжаты жоқ. Ал соңғы тиынын санап бергендердің алды құжатты сарыла күте шаршап, ақыры пәтерлеріне кіріп алған. Сол 12 отбасы енді қыс көзі қырауда далаға қуса қайтеміз деп алаңмен отыр. Олардың бар тілегі - құжаттың рәсімделуі. 

ЕРБОЛАТ АҚШОЛАҚОВ - ҚАСКЕЛЕҢ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
- Далада қалайын деп отырмыз. Бұл үйде кішкентай балалар бар. Менің қарт анам бар. 85 жаста. Жүре алмайды. Біз заңды үйде алаңсыз тұрғымыз келеді. Егер заңдастырмаса үйді бұзады, бізді қуады. Ал заңдастырмауға ешқандай негіздеме жоқ.

Құжаты жоқ үйге қол созып жүрген тұрғындар бірнеше жылдан бері «Toredo» компаниясын сотқа берген. Сөйтіп, 4 кісі «алаяқ» деп танылып, бірнеше жылдан жаза арқалапты. Ал зардап шеккен тұрғындар шығынды төлетуге келіспейді. Осы үйді қалай да заңдастырсын деп талап етіп отыр. 

ҚАНАТ БЕГІМБЕКОВ - ҚАСКЕЛЕҢ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ 
- Бізге компенсация береміз деп отыр. Ол 5 жылда беріле ме, 10 жылда беріле ме. Әйтеуір береміз дейді. Бізге ешқандай компенсация керек емес. Үйдің құжаты керек.

Үлескерлердің әрқайсысы 10 миллион теңге шамасында қаржы шығындапты. Жалпы келтірілген материалдық залал сомасы 970 миллион теңгеден асады. Ал ешқандай «алаяқ» емеспіз деген жауапкер тарап әлі де үй құжаты рәсімделіп, бәрі оңымен шешілсе деп үмітін үзбей отыр. 

ЖӘМИЛА  ЖҮНІСОВА - КӘСІПКЕР
- Бұл жер телімінің бағыты - «Жеке қосалқы шаруашылығын жүргізу» бағытындағы жер. Біз сол құрылысты бастаған 2021 жылдан бастап, құжатын қайта жасауға тырыстық. Арада қаңтар оқиғасы болды. Дер кезінде жасатып үлгере алмадық. Міне енді «алаяқ» атанып, 7 жылға сотталып отырмын. Қазір балама күтім қажет болғандықтан еркіндікте жүрмін. Енді осында ақша салған адамдардың құжатын заңдастырып беруге құзырлылар көмектессе екен деп сұраймын.

Айта кетсек, соңғы сот шешімінен кейін, бұл жер жеке сот орындаушыларының қарауына өткен. Салынған үйлердің құжаты жасала ма? Әлде түгел сүріле ме? Ол жағы әзірге нақты белгісіз.

Сондай-ақ оқыңыз: