Рудың атауымен компания ашуға тыйым салынуы мүмкін
Компанияны рудың атымен атау – бөлінуге бастайтын жол! Құрылтай депутаты Аят Сүгірбайдың пікірі бұл.
Парламенттің бүгінгі отырысында ол жеке серіктестіктерге қазақ руларының атауын беруге тыйым салуды ұсынды. Айтуынша, елімізде қазір осындай 800-ге жуық коммерциялық және коммерциялық емес ұйым бар. Ру атауларын компанияларға беру - рушылдық түсініктің қайта жаңғыруына, қоғамның бөлінуіне және руаралық араздыққа себеп болады деп санайды депутат. Сондықтан, Әділет министрлігінен заңға ру және жүз атауларымен заңды тұлғаларды тіркеуге шектеу енгізуді сұрап отыр.
АЯТ СҮГІРБАЙ - ҚҰРЫЛТАЙ ДЕПУТАТЫ
- Менің ойымша, заңды тұлғаларды, кәсіпорындарды нақты бір рудың атымен атаудың астарында рушылдықтың белгілері бар. Оның үстіне, сондай компанияның қызметіне, өніміне қатысты сын-пікір айтылса, бірден сол рудың өкілдеріне де сөз тиеді. Мұндай ахуал руаралық араздықты қоздыру мүмкін. Қазақта бөлінгенді бөрі жейді деген нақыл сөз бар. Халқымыз ел бірлігін, татулықты ерекше қадірлеген.