Алматыдағы түнгі өрт бес адамның өмірін қиды
Алматыда жер үйдегі өрт бес адамның өмірін жалмады. Ішінде кәмелет жасына толмаған бала да бар. Тілсіз жау түн ортасында тұтанған. Ал қызыл жалын шарпыған үйдің азан-қазан болып шулаған тұрғындарын сол маңдағы көпқабатты үйдегі көршілері естіп, таспаға да түсіріп алыпты. Өрт сөндірушілер де дереу жеткенімен, жалын бірнеше отбасы жалға алып отырған үйді түгел шарпып үлгерген. Оқыс оқиғаға қатысты полиция тергеуді бастады.
ҚҰРМАНЖАН ҚАСЫМЖАНҰЛЫ - ТІЛШІ
- Бес адамның өмірін жалмаған қызыл жалын мына ту сыртымда тұрған Вахтангов көшесінде орналасқан жер үйде түнгі сағат 3 жарымдар шамасында орын алған. Ал бұл 10 бөлмелі баспананы түрлі азаматтар бөлек-бөлек жалдап тұрады екен. Зардап шеккендерден басқа тағы оннан аса тұрғын дер кезінде оянып, есік терезеден қашып жан сауғалап үлгеріпті. Қазір көшенің екі басы құқық қорғаушылар тарапынан қоршалған. Ешкімнің кіруіне рұқсат жоқ.
Өрт күш алғанда ұйқыдан шошып оянып, сыртқа ұмтылғанның бірі Анар Тұрғанбаева. Киім-кешек, құжаттары іште қалған. Отбасымен бірге жанының аман қалғанына шүкіршілік еткеннен басқа амалы жоқ.
АНАР ТҰРҒАНБАЕВА
- Кіретін есіктен шығайық десек түтін болып кеткен, шыға алмайсың. Демала алмайсың. Сосын терезеден шығайық деп ойладық. Қарасам шатырдың бәрі жанып кеткен, біздің бөлмеге келіп қапты. Қазір бәрімізді қонақ үйге жібереді деді. Көбісі кетіп қалыпты. Біз енді барамыз өйткені басқа үйіміз жоқ.
МИРЛАН ТҰРҒАНБАЕВ
- Төртеуміз жатқанбыз үйде. Әйелім сол түнгі сағат 4-те оятты. Қайта есігіміз мықты жабылып тұрған. Ис шығып жатыр деді. Атып шығып қарасақ бәрі үстіңгі жағы жанып жатыр. Киініп терезені аштық та зытып шықтық. Құжаттар қалды.
Қызыл жалын түн ортасында тұтанғанда үлгермей қалғандары бар. Өрт сөндірушілер 5 адамның мәйітін алып шықты. Екеуі ересек ер адам, екі әйел мен кәмелет жасына толмаған қыз бала. Маңайдағы көпқабатты үйдің тұрғындары да түн ортасында жанұшыра шыққан дауыстардан шошып ояныпты. Мән-жайды анықтаумен қазір полиция айналысып жатыр. Қылмыстық іс қозғалған.
САЛТАНАТ ӘЗІРБЕК - АЛМАТЫ ҚАЛАЛЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ
- Бостандық ауданындағы жеке тұрғын үйде болған өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. Өрттің шығу себебі мен адамдардың қаза болу мән-жайы анықталуда.
Өрт сөндірушілер де хабарлама түсісімен дереу жеткен екен. Бірақ тілсіз жау ол кезде жер үйді түгел шарпып үлгеріпті. Төтенше жағдайлар департаментінің «4 минутта жеттік» дегені енді тек құжатта қалатын сандар. Өрттің неден тұтанғанын да полициямен бірге солар анықтауы тиіс. Ал әзірге зардап шеккен тұрғындарға әкімдік көмектесіп жатыр. Баспанасынан айырылғандар қонақүйге жайғастырылған. Өртте кеткен құжаттарын да тезірек қалпына келтіруге уәде берілді.