Қазақстанда туу көрсеткіші 9 пайызға төмендеді

Елімізде дүниеге келетін сәбилер саны азайды. Ranking.kz аналитикалық ресурсының мәліметінше, биыл тоғыз айда Қазақстанда 227 мың бала туған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 22 мыңға аз. Яғни, туу көрсеткіші 9 пайызға төмендеген. 

Бала туу барлық өңірде азайған. Әсіресе, Қызылорда облысында – 13,9 пайызға азайыпты. Шығыс Қазақстанда – 12,2 пайызға кемісе, Жетісу облысында да осы шамалас. Сәби ең көп туылатын Түркістан облысында да биыл бұл көрсеткіш 11 пайызға азайған. Балалар жөргегі нарығында да жағдай онша емес. Өнімнің басым бөлігі шетелден жеткізіледі. Себебі, отандық өндіріс елдің сұранысын толық өтей алмай отыр. Нарықтағы тауардың басым бөлігі шетелден. Биыл тоғыз айда Қазақстанға 21 мың тоннадай балалар жөргегі мен жаялық әкелінген. Импорттың 75 пайызға жуығы Қытайға тиесілі. Ал Ресейден жеткізілетін өнім көлемі 28 пайызға азайған. Бір қызығы, ересектерге арналған жөргектер мен сіңіргіш жаялықтардың импорты керісінше өсіп отыр. Бұл бағыттағы жеткізу 27,3 пайызға артқан. Оның да негізгі бөлігін Қытай өнімі құрайды. Осылайша, Қазақстанда жөргек нарығының басым бөлігі шетелдік өнімге тәуелді.

Сондай-ақ оқыңыз: