3,6 миллиард теңге: заңсыз қаржы айналымы әшкереленді

Көрші ел азаматтарын қаржылық құйтырқы әрекеттеріне пайдаланған. Қаржы мониторингі агенттігі цифрлық активтердің заңсыз айналымы мен ойын бизнесін ұйымдастыруға жәрдемдескендерге қатысты тергеуді аяқтады.

Агенттіктің Алматы облысы бойынша департаментінің мәліметінше, қылмыстық топ негізінен Қырғызстан азаматтарын, көбіне жастар мен қаржылық қиындыққа тап болған адамдарды жұмысқа тартқан. Оларды Қазақстанға алдырып, азын-аулақ ақша берген соң, банк шоттарын пайдаланған. Яғни, сол шоттар арқылы криптовалюта саудасын жүргізіп, кейін азаматтарды өз еліне қайтарып отырған. Сонымен қатар қылмыстық топ мүшелері онлайн-казинолардың заңсыз қаржысын айналдыруға да көмектескен. Қаржы мониторингі агенттігі өкілдерінің дерегінше, күмәнді шоттар арқылы 3 миллиард 600 миллион теңгеден астам қаржы өткен. Қазіргі уақытта тергеу амалдары аяқталып, іс сотқа жолданған.

ЕРНАР ТАЙЖАН - ҚР ҚМА РЕСМИ ӨКІЛІ
- Екі күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды, сот санкциясымен үш автокөлік пен жер учаскесіне тыйым салынды. Қылмыстық іс сотқа жолданды, Қазақстан Республикасының Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.

Сондай-ақ оқыңыз: