Қарасайда су мен жарық мәселесі қашан шешіледі?

Су мен жарықтан қиындық тумауы тиіс! Қарасай ауданы тұрғындары алдында есеп берген Алматы облысының әкімі атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

Қазір мұнда жарты миллиард теңгеге электр желілері жаңғыртылып жатыр. Үш ауылда 595 электр бағанасы мен 7 шақырымнан астам желі ауыстырылуда. Көксай ауылындағы жұмыстар аяқталып, нысан пайдалануға берілген. Ал Іргелі және Жібек жолы елді мекендеріндегі жобалардың игілігін тұрғындар жыл соңына дейін көрмек. Бұдан бөлек, 2028 жылдың соңына дейін ауданның 12 ауылы мен Қаскелең қаласының бір бөлігі жаңа электр желісіне қосылмақ. Сондай-ақ аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту жобалары да дайындалуда.

ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ - АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
- 6 елді мекенде су құбыры желілерін салу және қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бүгінде Жаңатұрмыс, Елтай, Жармұхамбет және Қайрат ауылдарындағы құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталса, Шалқар және Кемертоған ауылдарындағы жұмыстар 2027–2028 жылдары аяқталады.

Ауданда құрылыс жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Мәселен, Қаратөбе ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт жақын арада ел игілігіне беріледі. Әйтейдегі мәдениет үйінің құрылысы да аяқталуға жақын. Бұдан бөлек, Қаскелең қаласында заманауи перинаталдық орталық пен көпбейінді балалар ауруханасы салынды. Көлік кептелісі де күн тәртібінен түскен емес. Бұл бағытта қазір «Алматы–Бішкек» автобанымен қатар, Қарасай ауданындағы Жоғарғы тас жол да кеңейтіліп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз: