«Үндемеңіз, көмек сұраңыз»: мамандардың маңызды ескертуі
Құқық қорғау органдары тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырайтындардың саны күрт артты деп дабыл қағып отыр. Жыл басынан бері тек Алматы облысының өзінде осындай 1749 шағым тіркелген. Мұндай статистика - отбасындағы озбырлыққа көнбейтіндердің көбеюімен байланысты болса керек. Ал ер мен әйелдің арасындағы кикілжіңнің қалай алдын алып, жәбірленушілерге қандай қолдау көрсетуге болады? Мұның жауабын Ұзынағашта бас қосып, талқыға салған сала мамандары іздеп көрді. Игі шара «Зорлық-зомбылықсыз әлем» халықаралық акциясы аясында ұйымдастырылған.
Қоғамдық қорлар мен дағдарыс орталықтары тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер үшін бас сауғалар бірден бір жайлы мекенге айналғалы біраз болды. Мұнда сіз құқықтық және психологиялық көмек ала аласыз. Қоғамдық қауымдастық өкілдерінің айтуынша, жыл сайын мыңдаған адам, әсіресе әйел, бала-шаға айналадан қолдау іздейді.
ЛӘЗЗАТ РАҚЫШЕВА - HUMAN RIGHTS LAWYERS ҚОҒАМДЫҚ ҚОРЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
- 10 жыл бұрын бізде мұндай орталықтар болған жоқ. Қазір бүкіл Қазақстан бойынша тәулігіне 24 сағат жұмыс істейді және тегін қызметтер, заңгерлік қызметтер, психологиялық қызметтер көрсетеді. Біз өзіміз тәулігіне 24 сағат қызмет көрсетеміз. Жылына Қазақстанның түкпір-түкпірінен 2300 адам өтініш білдіріп, өкінішке қарай, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық бойынша 50 қылмыстық іске қатысамыз.
Жиында прокуратура, полиция, әділет органдары, адвокаттар қауымдастығы мен психологтар зорлық-зомбылықтың алдын алу және жәбірленушілерді қорғау бойынша өз ұсыныстарымен бөлісті. Отбасын сақтап қалу үшін әйелдер тұрмыстық зорлық-зомбылыққа көз жұма қарамауы тиіс деп санайды олар бірауыздан. Үнсіздік мәселені шешпесі анық. Жұрт не дейді, көптің көзіне қалай қараймын деп уақытты өткізіп алудың соңы қайғылы аяқталып жатқанын мысалға келтірді мамандар. Сондықтан аналар мен балалардың қауіпсіздігі бірінші орында тұруы керек.
ГҮЛНАР ЖОШЫБАЕВА - АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ АНАЛАР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
- Қазақ менталитеті ертерек ажырасуға мүмкіндік бермеді. Мысалы, олар үнсіз қалды. Бірақ мұны бәрі балалар көреді, ерлі-зайыптылар ғана емес, отбасындағы балалар да зардап шегеді. Сондықтан мен қазір айтар едім: үндемеңіз, сөйлесу керек, көмек сұрап айқайлау керек. Неліктен? Себебі ол аяқталуы мүмкін. Мүмкін біреу біреуді өлтіруі мүмкін.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, тұрмыстық зорлық - зомбылық өткір әлеуметтік мәселелердің бірі болып қала береді. Ал бейбіт қоғам құру мемлекет пен халықтың бірлескен күш-жігерін талап етеді. Бастысы әр азамат мұндай мәселеге бей-жай қарамауы және қиындыққа тап болғандарға көмек қолын соза білуі керек.