Қонаевқа 130 миллиард теңге инвестиция тартылды: қалада қандай өзгерістер болады?
Қонаев қаласында да жыл басынан бері бірқатар ауқымды жоба жүзеге асқан. 130 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып, 42 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Алдағы уақытта жаңа өндіріс орындары, демалыс орындары мен әлеуметтік нысандар салу жоспарланып отыр. Шаһардың 10 айдағы даму қорытындысын қала әкімі өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндады.
ӘДІЛ ҚҰТТЫБАЕВ - ТІЛШІ
- Қонаев қаласы соңғы жылдары тек әкімшілік орталық ретінде ғана емес, туристік және инвестициялық әлеуеті жоғары шаһар ретінде де дамып келеді. Биыл мұнда жол жөндеу, ауыз су және кәріз желілерін жаңарту, газдандыру мен абаттандыру бағытында бірқатар бастама қолға алынған. Олардың кейбірі келер жылы да жалғасын таппақ.
Коммуналдық инфрақұрылымды жаңарту бірнеше бағытта жүргізілуде. Биыл жылу желілерінің 9 учаскесінде 2 шақырымнан астам құбыр күрделі жөндеуден өтті. Ал Ивушка мен Спутник ықшамаудандарында ауыз су құбырларының 95 пайызы жаңартылған. Бұдан бөлек, жаңа кәріз-тазарту жүйесінің құрылысы басталды. Нысан іске қосылғанда тәулігіне 25 мың текше метрден астам суды тазартуға мүмкіндік бермек. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте қала әкімі Асхат Бердіханов жол-көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесіне де тоқталды. Биыл бірнеше көшеде қайта жаңғырту және жөндеу жұмыстары басталған.
АСХАТ БЕРДІХАНОВ - ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ
- Жолдарды кеңейту, Әуезов көшесінде жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ, 19-20 шағынаудандарда жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Қаладағы өзгерістерге тұрғындар куә. Себебі аулаларды абаттандыру, жолдарды жөндеу мен жасыл желекті көбейту жұмыстары күнделікті өмір сапасына тікелей әсер етеді. Ал қала халқы атқарылған жұмыстарға қандай баға береді?
ДИНА ОРЫНОВА - ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
- Жолдар салынып жатыр. Мен көрген Абай көшесінде көшені кеңейтіп жатқан сияқты. Сосын көше бойына тротуарлар салынуда.
ФАРИЗА БАЙНАЗАРОВА - ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
- Біріншіден, қаламыз көркеюде. Екіншіден, сауда орындары көбеюде.
Әкімнің айтуынша, биыл 25 мыңнан астам ағаш отырғызылған. «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 16 аумақты абаттандыру көзделіп, оның 13-інде жұмыс аяқталған. Сондай-ақ 10 гектар жерді қамтитын экопарк құрылысы жалғасуда. Экономикалық салада да бірқатар нәтиже бар. Жыл басынан бері 130,1 миллиард теңге инвестиция тартылып, бірнеше өндіріс орны іске қосылыпты. Алдағы уақытта 44 жобаны жүзеге асыру арқылы 17 мыңға жуық жұмыс орнын ашу көзделген. Тұрғын үй құрылысы да жалғасуда. Биыл 42 мың шаршы метрден астам баспана пайдалануға берілген. Ал туризм саласында жаңа қонақүй мен демалыс кешендерін салу жоспарланған. Жол жөндеу, инженерлік желілерді жаңарту және жаңа нысандар салу келесі жылы да жалғаспақ. Ал белгіленген жоспарлардың қаншалықты орындалатынын енді уақыт көрсетеді.