Балқашта 19 жастағы жас сайлаушы алғаш рет таңдау жасады

Ел көлемінде өтіп жатқан мәслихат депутаттарының сайлауына Балқаш ауданы да үн қосты. Мұнда да таңмен таласа сайлау учаскелеріне келген тұрғындардың қарасы қалың. Аудан бойынша бүгін 23 сайлау учаскесі жұмыс істеген. Олардың екеуі жабық нысанда. Ал комиссия құрамында 191 адам бар.

АРУЖАН МҰРАТҚЫЗЫ
ТІЛШІ

- Таңмен таласа оянған Балқаш жұрты бүгін сайлау учаскелеріне ағылып, ел ертеңіне қатысты өз таңдауларын жасады. Өңірдің болашағына бейжай қарамайтын тұрғындардың азаматтық белсенділігі таң сәріден байқалады. Жалпы, аудан бойынша дауыс беруге құқылы 17 мыңнан астам сайлаушы тіркелген.

Ауданның құрметті азаматы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Ысқабаев №100 сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып келіп, өз таңдауын жасады. Сайлаудың ел өміріндегі маңызына тоқталған қария әрбір азаматтың дауысы өңірдің келешегіне қатысты шешімдер қабылдауда өзіндік мәнге ие екенін айтады.

БАҚЫТ ЫСҚАБАЕВ
БАЛҚАШ АУДАНДЫҚ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ

- Бұл енді жергілікті мәслихат депутаттары - халық пен мемлекет арасындағы билікпен екі арасындағы жұмысты жүргізетін осы мәслихат депутаттары. Әрине, халықтың бәрінің ойы - қайтсек сол мәслихат депутаттары дұрыс адамдар сайланса, сөйтіп біздің жағдайымызды жоғары жаққа жеткізіп, шешім тауып жатса, біз оған да бір рақмет айтамыз.

Сайлау науқанына аудан жастары да белсенді қатысты. Олар да ел болашағына қатысты маңызды таңдаудан шет қалмай, өз дауыстарын берген. Солардың бірі - 19 жастағы Дәуір Шәріпбай. Жас сайлаушы үшін бұл - азаматтық жауапкершілікті сезініп, ел өміріндегі маңызды науқанға қатысудың алғашқы тәжірибесі.

ДӘУІР ШӘРІПБАЙ
БАЛҚАШ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

- Мен үшін бұл халық пен үкіметтің ортасындағы көпір. Халықты тыңдап, үкіметке жеткізіп, халықтың проблемаларын шешіп бере алады. Бүгінгі сайлауға келіп тұрғанымның себебі - Қазақстанға өз үлесімді қосқым келеді. Сол үшін дауыс бердім.

Сайлау учаскесінде дауыс беруге барлық азаматқа қолайлы жағдай жасалған. Оның ішінде денсаулығына байланысты учаскеге келе алмайтын тұрғындар үшін де мүмкіндік бар. Үйден дауыс беруге өтініш білдірген азаматтарға қызмет көрсету үшін арнайы көлік әзірленген. Түскі сағат 12:00-ден кейін комиссия мүшелері тұрғындардың мекенжайына барып, олардың таңдауын қабылдады.

Сондай-ақ оқыңыз: