Іле ауданында 291 тұрғын үйден дауыс беруге өтініш білдірді
Іргелі Іле ауданында да жергілікті мәслихат депутаттарының сайлауы қызу өтті. Мұнда 92 сайлау учаскесі бойынша 158 мың 490 адам дауыс беруге құқылы деп танылған. Кезекті саяси науқанда аудандық мәслихатқа 75 үміткер тіркелсе, облыстық мәслихатқа 6 үміткер қатысты.
ҚҰРМАНЖАН ҚАСЫМЖАНҰЛЫ
ТІЛШІ
- Бұл Іле ауданы Өтеген батыр кентінде орналасқан №1062 сайлау учаскесі. Жұмыс дәл таңғы сағат жетіде басталды. Комиссия мүшелері тәртіпке сай жұмыс істеп тұр. Байқаушылар да орнында. Ал жергілікті мәслихат депутаттарының сайлауына азаматтардың барынша белсенділік танытып жатқаны байқалады.
Жергілікті мәслихат депутаттары ауылды жерде жұртпен бірге жүріп, ел үмітін жақыннан арқалайтын сенімді тұлғалар. Сондықтан да кезекті таңдауға аудан тұрғындарының белсене қатысып жатқаны белгілі. Соның бірі - облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Өтеген батыр кентінің тұрғыны Ерболат Сапаров.
ЕРБОЛАТ САПАРОВ
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ АРДАГЕРЛЕР КЕҢЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
- Осы жердегі халықтың мұң-мұқтажын, шешілмей жатқан проблемаларын, соны билік басына жеткізу, міне, осылардың бәрі айналып келгенде жергілікті мәслихаттардың алдына келіп түседі. Сол үшін біз жергілікті мәслихаттардан үлкен үміт күтеміз. Елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға себеп болады деп ойлаймыз.
ЕРМАН БОСТАНОВ
ӨТЕГЕН БАТЫР КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ
- Үміткерлерден көп жақсылық күтеміз. Осы халықтың жағдайын жақсартуға. Партиялардан да, үміткерлерден де күтетініміз сол.
Аудандық мәслихатқа сайланатын 50 кандидаттың 25-і партия атынан тіркелсе, қалғандары өзін-өзі ұсынған кандидаттар. Ал осындай саяси науқандарға жергілікті азаматтардың белсенділігі жыл санап артып келеді дейді комиссия мүшелері.
ЛӘЗЗАТ ЖАБИЕВА
№1062 САЙЛАУ УЧАСКЕСІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
- Енді басты міндетіміз - заң талаптарына сәйкес сайлауымыздың ашық және тәртіппен өтуіне барлық жағдай жасау. Әрбір азамат емін-еркін өз дауысын беріп жатыр.
Жалпы, аудан бойынша 291 азамат үйден дауыс беруге өтінім беріпті. Бұл - учаскеге жетуге мүмкіндігі болмаған тұрғындар. Айта кетсек, барлық учаскелердің жұмысы кешкі 20:00-ге дейін жалғасып, санаулы минуттар бұрын ғана жабылды.