Қонаевта сайлау қалай өтті?
Алматы облысының тұрғындары да қашандағыдай белсенді. Өңірде 683 учаске таңғы жетіден бастап жұмыс істеді. Алматы облысында қазір миллионнан аса тұрғынның дауыс беру құқығы бар. Оның 8 296-сы кәмелет жасына енді толып, алғаш рет сайлауда өз таңдауын жасауға мүмкіндік алған. Саяси науқанның облыс орталығында қалай өткенін тілшіміз Дастан Маратұлы баяндасын.
Облыс бойынша сайлауды өткізуге 899 сайлау комиссиясы тартылған. Оның 12-сі аумақтық, 204-і округтік және 683-і учаскелік комиссия. Құрамында 6 мыңнан астам мүше бар. Барлық учаске қажетті құрал-жабдықпен жабдықталып, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға дейін қолайлы жағдай жасалды.
МЕЙРАМГҮЛ АЙТОВА
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ АУМАҚТЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ
- Сағат 12-ге дейін өздігінен үйде дауыс беру деп айтамыз, қарапайым тілмен айтқанда, егер де сайлаушы денсаулығына байланысты болмаса, отбасы мүшесінің сырқаттануына байланысты келе алмайтын жағдай болатын болса, өтініштің негізінде, сағат 12-ге дейін алынатын өтініштің негізінде сайлаушылардың, сол сайлаушылардың дауыс беруі үй-жайында ұйымдастырылатын болады.
Сайлау науқаны барысында облыс бойынша 2 мыңнан астам байқаушы әр учаскедегі дауыс беру процесінің заңдылығын қадағалады. Сонымен қатар тұрғындарға қолайлы болу үшін қала бойынша қоғамдық көлік таңнан кешке дейін тегін қатынады. Тұрғындар да аса белсенді. Таңнан бастап сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауын жасады. Соның бірі - Қонаев қаласының құрметті азаматы Бейсетай Қашақай. Оның айтуынша, ел ертеңіне бейжай қарамай, қоғамдық өмірге қатысу әр азаматтың парызы.
БЕЙСЕТАЙ ҚАШАҚАЙ
ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ
- Халыққа жақсылық, экономикалық жағдайын, саясат жағдайын, міне, енді өзіміздің басшы, президентіміз көптеген жұмыстарды іске асырып жатыр. Соған қоса біздің міне, өзіміздің жастарымыз да бірігіп, енді басқа мемлекеттен қалмау үшін дауыс беріп жатырмыз.
ДАСТАН МАРАТҰЛЫ
ТІЛШІ
- Сайлаушыларға 3 түрлі сайлау бюллетені берілді. Тұрғындар сол арқылы облыстық, қалалық және аудандық мәслихат депутаттарына дауыс бере алады. Өңірдегі 683 сайлау учаскесінің 73 пайыздан астамында онлайн-сервис іске қосылған. Сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға қолдау көрсету үшін облыс бойынша 28 инватакси мен 65 сурдоаудармашы қызмет атқарғанын айта кетейік.