Жамбыл ауданында 110 мыңға жуық сайлаушы тіркелген

Ал Жамбыл ауданында 110 мыңға жуық сайлаушы дауыс беруге тіркелген. Олардың өз таңдауын жасауына 79 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Ал дауыс беру барысын қадағалауға 80 сайлау комиссиясы атсалысқан. Әріптесім Ақжан Анапия Жамбыл ауданында өткен саяси науқанды толығырақ баяндасын.

Жамбыл жұрты мәслихат депутаттарының сайлауына белсене қатысты. Мәселен, Үмбетәлі ауылы. Мұндағы жұрт таңдауын жасауға таңмен таласып жетті. №325 сайлау учаскесіне 2400-ге жуық сайлаушы тіркелген екен. Көбі түске дейін-ақ дауыс беріп тастаған. Халық ақыны Үмбетәлі Кәрібаевтың үрім-бұтағы алдыңғылардың қатарында.

ӘУЕЛБЕК ЫСҚАҚОВ
ҚР СУРЕТШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ

- Негізі, Үмбетәлінің 30-40-тай ұрпақтары бар. Немере, шөбере, оның бәрі Жамбыл ауданы, Қарасай ауданы, Алматы қаласында тұрып жатыр. Ал осы ауылда тұрып жатқандар келіп, бір кісідей дауыс беріп жатыр.

Мүмкіндігі шектеулі жандардың кедергісіз дауыс беруі үшін мұнда барлық жағдай жасалыпты. Ауданда қазір мұндай 344 адам тіркелген.

АҚЖАН АНАПИЯ
ТІЛШІ

- Олар үйден немесе сайлау учаскесіне келіп дауыс беруге құқылы. Сондай-ақ көру қабілеті бұзылған азаматтарға арнайы тактильді тақталар да әзірленген. Жалпы, №325 сайлау учаскесінде еркін дауыс беруге толық жағдай қарастырылып отыр.

АЙЖАН БӘКІРОВА
№325 САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ

- Үйден дауыс беру бойынша сағат 12-ге дейін өтініштерді қабылдаймыз. Әзірге екі үйден дауыс беруші өтініш әкеп түсірді. Он екіге дейін күтеміз енді. Жалпы, сағат сегізге 91 сайлаушы келіп дауыс берді. Ол сайлаушылардың төрт пайызы.

Ал аудан орталығы Ұзынағашта орналасқан №262 сайлау учаскесінде дауыс берушілер ағыны үздіксіз болды. Қарапайым тұрғындардан бастап, танымал ақын-жазушылар, жалпы зиялы қауым өкілдері түгел осында.

РӘТБЕК ТЕРЛІКБАЕВ
ҚР ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ

- Еліміздің болашағы, халқымыздың алдағы уақытта атқарылатын шаруасы барлығы тығыз байланысты. Сондықтан Қазақстанның әрбір азаматы осы күнді саяси маңызды күн деп есептеп, дауыс беруге міндетті деп санаймын мен өзім.

КҮМІСЖАН БАЙЖАН
ҚР ҚҰРМЕТТІ ЖУРНАЛИСІ

- Саяси үлкен бір ұмытылмайтын кезең, күн болып отыр. Соныменен бүкіл қазақстандықтар мен Алматы облысын құттықтаймын. Өйткені бұл еліміздің ертеңінен деген адамдардың құлшынысын, ертеңіне сенімін нығайтатын күн.

Сайлау барысы талапқа сай өтті депті бақылаушылар да бірауыздан. Жалпы, Жамбыл ауданында 171 мыңнан астам тұрғын бар. Соның 110 мың адамның дауыс беру құқы бар.

Сондай-ақ оқыңыз: