109 жастағы қария да сайлаудан шет қалмады
Халық тығыз орналасқан аудандардың бірі - Талғар. Мұнда 186 мыңнан астам тұрғынның дауыс беру құқығы бар. Белсенділігімен танымал талғарлықтар осы жолғы саяси науқанда да қалыс қалған жоқ. 109 жастағы қариясына дейін азаматтық борышына жауапкершілікпен қарап, өз таңдауын жасады.
Аудандық мәслихат депутаттығына Талғарда 75 адам кандидат. Облыстық мәслихаттағы мандаттарға да үміткерлер бар. Ол жақта да саяси бәсеке қызу. Депутаттықтан үміткерлер сияқты аудан тұрғындары да аса белсенді екен. Өз учаскелері бойынша әр кандидатты жатқа біледі. Сайлаушылар үшін де мұнда барлық жағдай жасалыпты. Ерекше қажеттілігі бар жандарға арнайы тақталар орнатылып, сурдоаудармашылар мен инватакси қызметі де ұсынылды. Жалпы, аудан бойынша бүгін 88 сайлау учаскесі жұмыс істегенін айта кетейік.
АХАТ СҰЛТАНҚҰЛОВ
ТАЛҒАР АУДАНЫНЫҢ ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ
- Әрбір елдің, әрбір адамның өзінің азаматтық борышы болуы керек. Мен болмасам, кім? Деген сондай оймен өмір сүруіміз керек. Адамдар сайлау учаскесіне келіп, азаматтық борышын білдірсе екен деп тілектеспін.