Егіншілікке серпін

Райымбек ауданында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған жобалар жүзеге асуда. Соның бірі – «Алтын Дән-1» өндірістік кооперативі. Кәсіп иелері заманауи техникалар мен су үнемдеу технологияларын енгізіп, егіс көлемін жыл санап арттырып келеді. «Алтын Дән-1» кооперативі 2023 жылы егін және картоп шаруашылығын дамыту мақсатында 0,01 пайыздық мөлшерлемемен жалпы 120 миллион теңге несие алған. Оның 60 миллион теңгесі астық, тағы 60 миллион теңгесі картоп бағытына жұмсалған. Сонымен қатар, шаруашылық өз қаражаты есебінен ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартып, картоп және астық жинауға қажетті агрегаттар сатып алған.

ДУЛАТ КУЛМАМЫРОВ
«ALTYN DAN-1» АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ ӨНДІРІСТІК КООПЕРАТИВІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
- Былтыр тәжірибе ретінде 70-80 гектарға картоп отырғыздық. Биыл егіс көлемін 200 гектарға жеткіздік. Оның ішінде тұқымдық бағыт та, чипсы өндіретін зауытқа жөнелтілетін өнім де бар. Биыл шамамен 3 мың тонна өнім өткізуге жұмыс жасап жатырмыз. Қазіргі таңда жұмыстың жартысын аяқтадық, 90 гектардай жеріміз қалды, жинау жұмыстары жүріп жатыр.

Шаруашылықта техника паркін жаңартуға да басымдық берілген. Атап айтқанда, 65 миллион теңгеге «Класс» тракторы, 265 миллион теңгеге картоп жинауға арналған агрегаттар және 25 миллион теңгеге астық оратын «Класс» техникасы алынған. Ал 2024 жылы су үнемдеу мақсатында жаңбырлатып суару технологиясы енгізілді.

ДУЛАТ КУЛМАМЫРОВ
«ALTYN DAN-1» АУЫЛШАРУАШЫЛЫҚ ӨНДІРІСТІК КООПЕРАТИВІНІҢ ТӨРАҒАСЫ
- Қазір тұрақты түрде 20 адам жұмыспен қамтылған. Ал маусым кезінде қосымша 20 адамды жұмысқа тартамыз. Яғни, жалпы 40 адамға дейін жұмыспен қамтуға мүмкіндік бар. Егер жер мәселесі оң шешімін тапса, өндіріс көлемін 500 гектардан 1000-2000 гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік мол. Бұл аудан халқын жұмыспен қамтуға да үлкен әсер етеді.

Шаруашылық алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, мамандар даярлау бағытына да көңіл бөлмек. Қызметкерлерді өзге шаруашылықтарға тәжірибе алмасуға, арнайы бағдарламалар арқылы шетелде оқыту жоспарлануда. Осылайша, заманауи технологияны меңгерген мамандар қатарын қалыптастырып, ауданның ауыл шаруашылығы әлеуетін арттыру көзделіп отыр.

Сондай-ақ оқыңыз: