100 мың тонна алма жиналады

Биыл Алматы облысында 100 мың тоннаға жуық алма жиналады деп жоспарлап отыр. Оның 80 пайызы ішкі нарыққа жөнелтілсе, қалған 20 пайызы экспортқа шығарылады. Қазір өңірдегі 10 мың гектарға жуық аумақта бағбандардың жұмысы қызып жатыр. Жиналған өнім еліміздің түкпір-түкпіріне жөнелтілуде. 

Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан бұл шаруашылықта 12 000 түп алма ағашы бар. 60 гектар аумақтық бұл бақтан бағбандар жылына шамамен 400 тонна өнім алады. Мұнда негізінен Орта Азияда кездеспейтін алма сорттары өсіріледі. Сонымен қатар жыл сайын өнім түрі көбейіп келеді дейді шаруалар. Мәселен биыл 40 гектар аумаққа жаңа алма сорты отырғызылған.  Қазір жұмысшылар алмаларды сұрыптап, сауда орындарына жөнелтуге дайындап жатыр.

ТАЛҒАТ ТҮРКЕЕВ
КӘСІПКЕР
«Шаруа қожалығының бағында алма теріп жатырмыз. Күніне 60 адам жұмыс істеп жатыр. Алмалар өте жақсы, сапалы, дәмді. Қазақстан республикасының 5 қаласына жіберіп жатырмыз. Терім науқаны болып күніге 40-50 тонна алма жиналып жатыр.  10 жыл болды осы салада кәсіп жатқанымызға.»

Алматы облысында алма өндіруден Еңбекшіқазақ ауданы көш бастап тұр. Мұнда жыл сайын 30 мың тоннадан астам өнім жиналады. Одан кейінгі орында Ұйғыр, Талғар, Қарасай және Жамбыл аудандары тұр. Жалпы өңірде алманың 21 сорты өседі. Сонымен қатар елде алма импортына уақытша тыйым салынған. Шектеу жыл соңына дейін жалғасады. Бұл отандық бағбандар үшін ерекше қолдау болған.

ЕРБОЛАТ МҰРАТӘЛИЕВ
КӘСІПКЕР
«Біз тек Қазақстанның алмаларын алып жатырмыз. Былтыр Польша мен Ираннан алма кіргізгенбіз. Биыл шектеу қойылғаннан кейін Алматының 1500 тонна алмасын камера храненияға қойдық. Алматының алмалары — бренд қой. Тек Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде де бренд. Баяғы апорттан кейін қазіргі «Золотой Голден», «Американка» және «Айдаред» болсын.»

Соңғы үш жарым жылда Алматы облысының бағбандары 300 мың тоннадай алма жинаған. Өңірде өсірілетін алма негізінен Тәжікстан, Қырғызстан, Ресей және Беларусь елдеріне экспортталады екен. Ал облыстағы апорт бағының жалпы аумағы шамамен 2,3 мың гектар. Бұл бақтардан жылына 6,6 мың тонна апорт алмасы жиналады. 

Сондай-ақ оқыңыз: