Өндірісті дамытуға миллиардтар бөлінді
Алматы облысында шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Кәсіп ашып, өндірісін кеңейтуді көздеген кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие, пайыздық мөлшерлемені субсидиялау және кепілдік беру тетіктері ұсынылып отыр. Осы бағытта «Даму» қоры бірқатар бағдарламаны іске асырып, өңірдегі кәсіпорындардың дамуына және өндірістік әлеуетін арттыруға қолдау көрсетуде. Қазір қолдау алған өндіріс ошақтарының қуаты қалай? Бұл жайында толығырақ тілшіміз тарқатсын.
«Даму» қоры кәсіпкерлерге үш негізгі бағыт бойынша қолдау көрсетеді: жеңілдетілген қаржыландыру, кепілдік мүлкі жеткіліксіз болған жағдайда несиеге кепілдік беру және несие бойынша пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігін субсидиялау. Бұл бизнеске неғұрлым тұрақты әрі ұзақ мерзімді қолдау көрсетуге мүмкіндік беріп отыр.
БАҚЫТЖАН ИСАҚОВ
«ДАМУ» КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУ ҚОРЫ» АҚ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША АЙМАҚТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
«Өрлеу бағдарламасы бойынша алған несие соммасы 9,5 млрд көлемінде. Іскер аймақ бойынша несие соммасы 1,4 млрд теңге. Ал кепілдік беру бойынша біз 112 жобаға кепілдік бердік. Бұл жерде несие 22 млрдтан астам теңгені құрады. Ал кепілдік соммасы 13 мрлдтан асады.»
«Өрлеу» бағдарламасының қолдауын алып, игілігін көріп отырған өндіріс ошақтарының бірі AmigoSan компаниясы. Мұнда тағамға қажетті тұздықтың сан түрі дайындалады. Жылдық өнім көлемі 1 000 тоннадан астам. Бастысы тұздыққа қажетті шикізаттың барлық түрі өз алқаптарында өсіріледі. Сонымен қатар өнім сапасы мен азық-түлік қауіпсіздігінің талапқа сай екенін растайтын Halal және ISO сертификаттары бар.
ЕЛЕНА ХАН
«AMIGOSAN» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ
«Қазіргі таңда Әзербайжанмен белсенді жұмыс істеп жатырмыз, Өзбекстанмен келісімшартқа қол қойдық, ал Қырғызстанға өнімдерімізді тұрақты түрде жеткізіп келеміз. Сонымен қатар, Ресей нарығына шығу бағытында да жұмыс жүргізілуде. Біз үшін отандық өндірісті дамыту ғана емес, өндіріс ауқымын кеңейтіп, халықаралық нарықта өз орнымызды қалыптастыру.»
Мемлекеттен қолдау тапқан тағы бір кәсіпорында отандық кабель өндіріледі. Олар өнеркәсіптік автоматтандыруда, энергиямен жабдықтауда, телекоммуникация жасауда қолданылады. Қазір зауыт Қазақстаннан бөлек Еуропа, Африка және Еуразия нарықтарын қамтып отыр. Мәслен өңірде өндірілген өнім Ұлыбританиядағы атом электр станциясы жобасына қолданылып жатыр. Өндіріс ошағы «Моноқалалар мен шағын қалаларды, ауылдық елді мекендерді қолдау» бағыты бойынша «Даму» қорынан қолдау тапқан.
РҮСТЕМБЕК КУЧЕРБАЕВ
СЕГМЕНТ ЭНЕРГО КАЗАХСТАН» ЖШС-НІҢ БИЗНЕСТІ ДАМЫТУ ЖӨНІНДЕГІ ДИРЕКТОРЫ
«Ал Қарасай ауданында орналасқан аумағы 12 гектарды алып жатқан бұл алып кешенде асүй плиталары мен электр пеші сынды тұрмыстық техниканың түрлі ассортименті шығарылады. Даму қорынан қолдау тапқан кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы жылына 110 мың дана өнімге жетті. Қазір мұнда 200-ден астам қызметкер жұмыс істейді, оның ішінде 100-ден астамы тікелей өндіріс саласына тартылған.»
АРСЕН ҰШТАЕВ
«ALMATY TURMYSTYQ TEHNIKA ZAVODY» ЖШС-НІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ
«Даму» қоры арқылы шамамен 5 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарттық. Бұл қаражатқа өндірістік жабдықтарын алып, жаңа цехты іске қостық. Сонымен қатар, бізде бояу, көбік пластик өндіру және құрастыру цехы жұмыс істейді. Өнімдеріміздің жергілікті қамту үлесі шамамен 70–80 пайызды құрайды. Металл корпустардың басым бөлігін және оларға қажетті қосалқы бөлшектерді өзіміз өндіреміз.»
Дәлірек айтатын болсақ «Өрлеу» бағдарламасы 2025 жылдың маусымынан бастап жүзеге асырылып келеді. Өңірде жыл басынан бері осы жоба негізінде жалпы сомасы тоғыз жарым млрд теңге болатын 12 жобаға қолдау көрсетілген. Ал «Іскер аймақ», бойынша облысыта бір жарым млрд теңгені құрайтын 17 жоба қолдау тапты.