Жамбыл ауданы даму жолында
Жамбыл ауданы жаңғыру жолында. Ырысты өлкеде ауыл шаруашылығы өркендеп, биыл бірнеше өндіріс ошағы ашылды. Әлеуметтік саланың да аяқ алысы жаман емес. Ал алдағы жылдары ауданға 1 триллион 80 миллиард теңге инвестиция тарту жоспарланған. Аудан әкімі Нұрлан Ертасұлы 2026 жылдың сегіз айын қорытындылап, алдағы жұмыс жоспарын баяндады. Алып шаһар іргесіндегі Жамбыл ауданы – ауыл шаруашылық әлеуеті жоғары, аумағы кең, халқы жыл санап артып келе жатқан өңір. Бүгінде мұнда 170 мыңнан астам тұрғын тұрады. Бірақ халық санының өсуі әлеуметтік инфрақұрлымға деген сұранысты да арттыруда. Аудан бойынша ауылішілік жолдардың жалпы ұзындығы 915 шақырым. Оның 76,1 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Демек, әлі де жөндеуді қажет ететін көшелер бар.
НҰРЛАН ЕРТАС
ЖАМБЫЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
- Мына жолдың өзіне тұрғындар көп мәселелер көтереді. Әрине, бір мезетте бәрін жөндеп шығу мүмкіндігі жоқ, бірақ кезең-кезеңімен келе жатыр қазір. Биылғы жылдың өзінде осы 60 километрге жуық жолды жөндеуден өткізу үшін ауылдың ішкі жолдарын жөндеуден өткізу үшін бюджеттен 3 миллиардтан астам қаржы бөлінді.
Қазір аудандағы 61 елді мекеннің 43-і табиғи газға қосылған. Елді мекендерді газбен қамту деңгейі 70,4 пайыз. Ал қалған ауылдарда газдандыру жұмыстары жалғасын таппақ. Сондай-ақ, 61 елді мекеннің барлығы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Алайда қолданыстағы су құбырларының 45 пайызы жаңғыртуды қажет етеді.
НҰРЛАН ЕРТАС
ЖАМБЫЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
- Бүгінде 90 пайыздан астамы бізде елді-мекендердің су жүйесі қалпына келтірілді бірақ жұмыстар әлі бар, себебі бір Ұзынағаштан бөлек жанымызда тұрған Қарғалы елді-мекені 40 000 халқы бар, барсаңыз қазір бірінші кезекте су мәселесін көтереді. Соммасы 2,9 миллиард теңгелік үлкен жоба әзірленді. Қазір бірінші, яғни айтсақ в приоритете дейміз ғой, бірінші кезекте жүзеге асырылатын жобалардың ішінде сол Қарғалы елді мекенін тұрақты, сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесінде осы суға басымдық беріліп отыр қазір.
Ауданда биылғы сегіз айда құрылыс жұмыстарының көлемі 21,6 миллиард теңгеге жетті. Білім беру саласында мектептерді жөндеу мен жаңа нысандар салу жұмыстары жүргізіліп жатса, денсаулық сақтау бағытында ұлттық жоба аясында қолға алынған 16 медициналық нысанның 15-і аяқталған. Ал экономиканы дамыту мақсатында 2029 жылға дейін жалпы құны 1 триллион 80 миллиард теңге болатын 24 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бұл жобалар 10 500 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді деп күтілуде.