Бақытты балалықтың бастауы
Райымбек ауданында «Тұғырлы отбасы – бақытты балалық бастауы» тақырыбында аналар форумы өтті. Шараның көздегені – отбасы құндылықтарын дәріптеу, бала тәрбиесіндегі ата-ана жауапкершілігін арттыру. Сондай-ақ ұрпақтар сабақтастығын нығайту. Форумға Алматы облысы аналар алқасы мүшелерімен қатар аудан тұрғындары мен мектеп оқушылары қатысты. Форум барысында отбасы құндылықтарының бала өміріндегі маңыздылығы туралы кеңінен сөз болды. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейді қазақ. Сондықтан асқар тау әкенің тәрбиесі мен мөлдір бұлақ ананың шексіз мейірі әр отбасында кем болса болмайтын басты құндылық екені айтылды.
ГҮЛНАР ЖОШЫБАЕВА
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ АНАЛАР АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ
“Мен Алматы облысындағы аналар алқасының төрағасы ретінде осы жиынға қатысудамын, және аудан жұртшылығының осы отбасы тәрбиесіне, осы отбасы тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтар мәселесіне ыждахаттылықпен қарайтындығына мен бүгін куә болдым. Өте мазмұнды, өте тәрбиелі, тағылымды іс-шара өтті деп есептеймін.”
Жиында қазіргі қоғамдағы бала тәрбиесіне әсер ететін факторлар да назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, әлеуметтік желі мен интернеттің ықпалы, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, отбасындағы қарым-қатынасты нығайту және әке мен ананың ортақ жауапкершілігі туралы пікірлер айтылды.
БАЛЖАН ОМАРОВА
РАЙЫМБЕК АУДАНДЫҚ АНАЛАР АЛҚАСЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ
«Яғни, аналар кеңесіне бүгінгі күні үлкен жауапкершілік жүктелген. Біздің міндетіміз, мінсіз отбасын тәрбиелеу емес, әр жанұяда мейірімді, үйде ана баласын бауырына қысатын мейірімді әке, қарсы алдынан жүгіріп шығатын, баласын құшағына қысатын мейірімді жандардың болуына атсалысу.»
Ұйымдастырушылардың айтуынша, отбасы құндылықтарын насихаттау, саналы ұрпақ тәрбиелеу және қоғамдағы аналардың рөлін арттыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Өйткені берік отбасы – тәрбиелі ұрпақтың, ал тәрбиелі ұрпақ – ел болашағының кепілі.