Балқаш ауданы: жаңару жолында
Балқаш ауданы биыл әлеуметтік-экономикалық даму бағытында бірқатар жетістікке жетті. Аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі артып, соңғы сегіз айда өнімнің жалпы құны 25 миллиард теңгеден асты. Ал аудан экономикасына 7 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылған. Биыл ауданда 28 мың гектардан астам жерге егін егілді. Оның 13 мың гектарына дәнді дақылдар, 15 мың гектарына мал азығы дақылдары орналастырылған. Қазір күріш жинау науқаны қызу жүріп жатыр. Бүгінге дейін 1 400 гектарға жуық алқап орылып, 4 мың тонна өнім жиналды.
Сонымен қатар ауданда туризм саласын дамытуға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Мәселен, Қараөзек ауылында құны 3 миллиард теңге болатын демалыс аймағының құрылысы жүріп жатыр. Жаңа нысанды келесі туристік маусымда ашу жоспарланған. Ал Қараой ауылдық округінде құны шамамен 1 миллиард теңге болатын тағы бір жоба жүзеге асырылып жатыр.
АЗАТ ҚҰТПАНБЕТОВ
БАЛҚАШ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
«Ауданда ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 25 миллиард 920 миллион теңгені құрады. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 110 пайызға жетті. Сегіз айда 7 миллиард 703 миллион теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 104 пайызды құрайды».
Биыл аудан аумағында әлеуметтік осал топтарға арналған 208 пәтердің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның ішінде Миялы, Бақбақты және Ақдала ауылдарында жалпы саны 40 тұрғын үй салынуда. Сонымен қатар бұл ауылдарда сумен жабдықтау жүйелері жөнделіп, жаңартылып жатыр. Газдандыру мәселесіне де басымдық беріліп, ауданның алты елді мекеніне табиғи газ жеткізілген.
АЗАТ ҚҰТПАНБЕТОВ
БАЛҚАШ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ
«Аудандағы 28 елді мекен орталықтандырылған су құбыры желісімен қамтылған. Биыл үш ауылда сумен жабдықтау жүйелерін жөндеу және жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Жұмыстарды қараша айының соңына дейін аяқтау жоспарланған. Қазіргі уақытта алты ауылға табиғи газ жеткізілген. Оны аудан тұрғындарының 67 пайызы пайдаланып отыр».
Ауданда әлеуметтік нысандарды жөндеу және жаңарту жұмыстары да жалғасып жатыр. Биыл Миялы мен Бура ауылдарында жаңа медициналық пункттердің құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін Қараой ауылында дәрігерлік амбулаторияны, ал Көкжиде ауылында фельдшерлік-акушерлік пунктті ашу жоспарланып отыр.