29 отбасына пәтер кілті табысталды

Бүгін Талғар ауданында 29 отбасы баспаналы болып, қоныс тойын тойлады. Пәтерлер көпбалалы аналарға, мүгедектігі бар азаматтарға және ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға табысталды. Түзусай ауылында өткен салтанатты рәсімге Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов қатысып, тұрғындарға пәтер кілттерін өз қолымен табыстады.

Көптен күткен баспанасына қол жеткізген жандардың бірі – 47 жастағы Зиягүл Ержанова. Ерекше қажеттіліктері бар баланы тәрбиелеп отырған ананың тұрғын үй кезегінде тұрғанына 10 жылдан асқан. Бүгін оған облыс әкімі екі бөлмелі кең пәтердің кілтін табыстады.

ЗИЯГҮЛ ЕРЖАНОВА
ТАЛҒАР АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ
«Сонша күткен үйім ғой. Осынша жасқа келіп, алғаш рет өз үйім болып жатыр. Осындай баламен отырғанда бізге осындай жақсы жағдай жасап жатыр. Жұмыс істемейміз, бір зейнетақыға қарап отырамыз. Осының өзі бізге үлкен көмек. Қуаныштымын, қуанышымда шек жоқ. Бұл – қуаныштың көз жасы ғой.»

Қазір Талғар ауданында тұрғын үй кезегінде 7 500-ге жуық азамат тұр. Кезекті жылдам ілгерілету мақсатында соңғы екі жылда аудан бойынша 459 пәтер сатып алынып, оның 275-і кезекте тұрған азаматтарға табысталды. Тұрғындарды қуанышымен құттықтаған Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов өңірде тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстарына ерекше көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.

ШЫҢҒЫС ӘРІНОВ 
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ
«Алматы облысында халық саны жылдан жылға өсіп келеді. Бұл – өңіріміздің дамып, елдің тұрмыс-тіршілігіне қолайлы аймаққа айналып келе жатқанының бір көрінісі. Баспана – кез келген отбасы үшін үлкен қуаныш. Бүгін табысталған кілттер – әр отбасы үшін көптен күткен арманның орындалуы. Адамның өз үйі болғанда, ертеңіне деген сенімі де арта түседі. Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың мәселесі әрдайым назарымызда.»

Әкімдіктің қолдауымен құрылысы аяқталуға жақын үйлер алдағы уақытта кезең-кезеңімен заңға сәйкес көпбалалы отбасыларға, балалар үйінің түлектері мен мүгедектігі бар жандарға үлестіріледі.

Сондай-ақ оқыңыз: