Көз ауруларының алдын алу шаралары

Көру қабілетін сақтау – көз ауруларын ерте анықтаудан басталады. Осы бағытта Қазақ көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының мамандары Алматы облысы әкімдігінде қызметкерлерге офтальмологиялық тексеру жүргізді. Көз ауруларының алдын алу мен көру қабілетін сақтау мақсатында Алматы облысы әкімдігінде қызметкерлер медициналық тексеруден өтті. Жылжымалы диагностикалық орталық мамандары кешенді офтальмологиялық тексеру жүргізді. Мұнда қажет болған жағдайда науқастарға ем алуға жолдама да беріледі.

АЛТЫНБЕК МЕДЕТ
ҚАЗАҚ КӨЗ АУРУЛАРЫ ҒЗИ ОПЕРАЦИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСШЫСЫ
- Біздің басты мақсатымыз – глаукоманы ерте анықтау. Себебі адам көз қысымының жоғарылағанын байқамауы мүмкін. Мұндай жағдайларды жылжымалы диагностикалық орталықта дер кезінде анықтап, науқастарға тиісті ем тағайындап, әрі қарай бақылауға алу үшін емханаға жолдаймыз. Сонымен қатар көру қабілетінің төмендеуін анықтап, қажет болған жағдайда көзілдірік тағуды немесе 18-40 жас аралығындағы азаматтарға лазерлік түзету жасатуды ұсынамыз.

Мамандардың айтуынша, тексерулер кезінде құрғақ көз синдромы мен көру өткірлігінің төмендеуі жиі кездеседі. Сонымен қатар катаракта, глаукома және торқабық ауруларын да назардан тыс қалдыруға болмайды. Бұған дейін жылжымалы диагностикалық кешен анықтаған 50-ден астам науқас міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы хирургиялық ем алған.

ЛЕЙЛА БАЙЖАНБАЕВА
ОБЛЫС ӘКІМДІГІ АППАРАТЫНЫҢ МАМАНЫ

- Шынымды айтсам, көзімді тексертіп алғым көптен бері жүр еді, бірақ қол тимей жүрген. Осындай мүмкіндік туғанына қуаныштымын. Дәрігерлер заманауи құрылғылардың көмегімен көзімді толық тексерді: көз қысымын өлшеп, көздің құрылымын қарады. Нәтижесінде, жақыннан көруіме қатысты мәселе анықталды. Мамандар көзілдірік таңдап, арнайы тамшылар қолдануға кеңес берді. 

Мұндай профилактикалық шаралар көз ауруларының алдын алып, медициналық көмекті уақытылы алуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта жылжымалы диагностикалық кешен Қарасай және Жамбыл аудандарына барып, жергілікті тұрғындарға офтальмологиялық көмек көрсетуді жалғастырады.

Сондай-ақ оқыңыз: