Бельгия королінің елдегі сапары
Елімізге мемлекеттік сапармен келген Бельгиялықтар Королі Филипп пен патшайым Матильда елордадағы бірқатар маңызды нысанды аралады. Мәртебелі меймандарға Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бай тарихы мен әлеуметтік-мәдени әлеуетін таныстырды. Олар алдымен балаларды оңалту Ұлттық орталығына барды. Мұнда корольдік жұпқа балалардың сауығуына көмектесетін заманауи емдеу әдістері мен озық технологиялар көрсетілді. Медициналық көмектен бастап, психологиялық-педагогикалық қолдау мен робот құрылғылар жұмысымен танысты. Орталық жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен келген бес мыңнан астам балаға қызмет көрсетеді. Кейін делегация Ұлттық музейге барды. Олар ғасырлар қойнауынан жеткен жәдігерлер арқылы қазақ даласының тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін экспонаттарды көрді. Көрме төрінен орын алған әйгілі «Алтын адам», сондай-ақ бельгиялық суретші Джеймс Энсордың туындылары да мәртебелі меймандар назарына ұсынылды. Сапар соңында Король Филипп пен патшайым Матильда «Құрметті қонақтар» кітабына қолтаңбаларын қалдырды.