Сөз өнері төрге озды

Жамбыл ауданында жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 180 жылдық мерейтойына арналған республикалық жас ақындар айтысы басталды. Іріктеу кезеңінде бақ сынаған 890 үміткердің ішінен үздік шыққан 40 айтыскер өзара сөз қағыстырды. Сөз додасының мақсаты – оқушылар арасында жыр алыбының шығармаларын кеңінен насихаттау, сондай-ақ жас ақындардың шеберлігін шыңдау. «Айтыс – сөз барымтасы». Жас ақындардың бұл өнерге ықыласы ерекше. Биыл жиырма екінші рет ұйымдастырылып отырған айтысқа он бес облыс пен үш қаладан дарынды жас ақындар қатысты.

ЕРҚҰЛАН НҰРТАЗАНОВ
«ДАРЫН» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ ПРАКТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ

- Биыл Жамбыл атамыздың 180 жылдық мерейтойы аталып өтілуде. Осы мерейтой аясында халықаралық деңгейде айтыс өткен болатын. Бұл – соның жалғасы. Конкурсқа қатысушылар үшін танымдық-мәдени шаралар да қарастырылған. Балалар Ұзынағаштың көрікті жерлерін тамашалайтын болады.

Биылғы айтыста жалпы білім беретін мектептердің оқушылары бақ сынады. Сөз додасы тақырыптық және қайым айтыс аталымдары бойынша өтіп, жас ақындар суырыпсалмалық өнерін паш етіп, шеберліктерін көрсетті.

ИНАБАТ НАҒАШЫБАЙ 
ЖАС АҚЫН

- Тілге өте жақынмын. Мектеп кезінен қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен түрлі оқулар мен сайыстарға қатысып жүрмін. Суырыпсалмалық өнер менің қанымда бар. Әкем де, әжем де айтыскер. Сол кісілердің жолын жалғап, мен де айтысқа келдім. Республикалық деңгейде алғаш рет бақ сынап тұрмын. Осы уақытқа дейін облыстық деңгейдегі айтыстарға қатыстым. Енді міне, осы жолы сәті түсті.

Айтыс тартысты өтіп, жеңімпаздар екі бағыт бойынша марапатталады. Оларға ҚР Оқу-ағарту министрлігінің дипломдары мен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының арнайы жүлделері табысталады. Зияткерлік элитаны қалыптастыруға бағытталған айтулы жоба келесі жылы да жалғасын таппақ.

Сондай-ақ оқыңыз: