Газдандыру жұмысы
Қонаевқа көгілдір отынның жаңа жүйесі тартылып жатыр. Қаладағы газ желісі кеңейіп, жаңа үйлер табиғи газға қосылуда. Қазір екінші және он сегізінші шағынаудандарда жұмыс қарқынды. Инвестициялық бағдарлама аясындағы құрылыс барысын тілшіміз Аружан Мұратқызы баяндайды.
Қаладағы газ жүйесін кеңейтуге инвестициялық бағдарлама арқылы 38 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Екінші шағынауданда төмен қысымды газ желісінің төрт жарым шақырымы тартылып, құрылыс жұмыстары аяқталды. Ендігі кезекте тұрғын үйлерді табиғи газға қосу жұмысы жалғасады.
ЕРЖАН БАЙБОЛАТОВ
«ҚАПШАҒАЙ АЙМАҒЫНЫҢ ГАЗ ЖҮЙЕЛЕРІ» ЖШС БАС ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ
« Бұл жерде 36 дом бар екінші микрорайонда. 36 домның 26 домында толықтай қазір ішкі монтажы тоже бәрі бітіп соны толықтай газбен қамтамасыз етіп отырмыз»
Қалған он үйдегі ішкі монтаж жұмыстарын жылыту маусымы басталғанға дейін аяқтау жоспарланған. Жаңа желінің тартылуы нәтижесінде 2 227 тұтынушы табиғи газға қосылуға мүмкіндік алды. Оның 945-і бүгінде көгілдір отынды тұтынып отыр. Ал он сегізінші шағынауданда 2 шақырымнан астам газ желісі салынды.
ЕСЕНГҮЛ ӘБДІРАЙЫМОВА
ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ
«Біз бұрын 4 мыңға баллон алатынбыз. Оны күтетінбіз. Одан кейін кешке таман уақытта бітіп қалса таңға күтесің. Пока келгенше ол 11 болады. Енді қазір түннің ортасында болсын, күндіз болсын қай уақытта болса сол уақытта пользовать етеміз»
Еске салса, 1 шілдеден бастап тауарлық газдың көтерме бағасы өзгерді. Алайда сала мамандарының айтуынша, соңғы бес жылда газды тасымалдау тарифі мен оны өткізуге жұмсалатын шығындар айтарлықтай өспеген. Тұрғындар үшін сараланған тариф қарастырылған.
ГҮЛМИРА ӨТЕГЕНОВА
ТАБИҒИ МОНОПОЛИЯЛАРДЫ РЕТТЕУ КОМИТЕТІНІҢ АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫ
«Қазір кәсіпорын бойынша тауарлық газдың орташа бағасы текше метріне 76 теңге 84 тиын. Ал халық үшін қосылған құн салығын қоса есептегендегі тариф 56 теңге 07 тиын. Яғни тұрғындар газды кәсіпорынның орташа бағасынан төмен тарифпен пайдаланып отыр»
Қаладағы газ жүйесін жаңғырту алдағы жылдары да жалғасып, негізгі газ реттеу жабдықтарын жаңарту жоспарланған. Бұдан бөлек, арнайы техника, лазерлік газ анықтағыштар мен радиобайланыс құралдары сатып алынады. Оған шамамен 35 миллион теңге жұмсалады. Бұл тұтынушыларды газбен тұрақты қамтамасыз етудегі маңызды жұмыстардың бірі.