Тұрғындарға жайлы жағдай

Шеңгелді ауылында тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында бірқатар жұмыстар қолға алынды. Атап айтқанда, елді мекенде инфрақұрылым жаңартылып, қоғамдық орындар абаттандырылып жатыр. Шеңгелділік бүлдіршіндердің қуанышында шек жоқ. Бұған себеп ауылда бірнеше балалар ойын алаңқайы бой көтерді. Оның екеуі заманауи үлгіде жабдықталған. Енді жұрт спорт алаңының құрылысының аяқталуын асыға күтіп жүр. Бұдан бөлек Құрышбаев көшесінде жаяу жүргіншілер жолы салынып, Қосқұдық ауылында тағы бір балалар алаңы орнатылады деген жоспар бар. Бұл жұмыстарға жергілікті бюджеттен 55 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген.

ЖОМАРТ АЙЫМБЕТОВ 
ШЕҢГЕЛДІ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Қазақтелеком» тарапынан қазіргі уақытта Шеңгелді ауылында кең жолақты оптикалық желі тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда ауыл аумағының жартысында жұмыстар толық аяқталған. Қазіргі уақытта қалған бөлігінде орнату жұмыстары жалғасуда. Барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін интернет сапасы жақсарады деп үміттенеміз.

Сонымен қатар Шеңгелді көшелеріндегі жалпы ұзындығы 6 шақырым болатын жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұнымен жоспар аяқталмақ емес. Ауылдың ажарын ашқалы отырған тағы бір нысан – жаңа тұрғын үй алқабы. Әлеуметтік осал топтағы отбасылар үшін Шеңгелдіде 38, Кербұлақта 8 үй салынып жатыр.

ЖОМАРТ АЙЫМБЕТОВ 
ШЕҢГЕЛДІ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ
«Биыл үйлердің құрылысын толық аяқтап, пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Округке қарасты елді мекендерге бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары басталды. Камералар орнатылатын қиылыстар анықталды. Орнату жұмыстары ертеңнен бастап жүргізіледі..»

Аймақтағы ағайынды ауыз сумен толық қамту мақсатында жабдықтау жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Биыл бұл мақсатқа мемлекеттен 200 миллион теңге бөлінген. Алдымен негізгі топтық су құбырынан Шеңгелді ауылына дейінгі ұзындығы 12 шақырым болатын учаске жаңартылады. Кейін қаржының бөлінуіне қарай жұмыстар Шеңгелді, Кербұлақ және Сарыбұлақ ауылдарының су құбыры желілерінде де жалғасады.

Сондай-ақ оқыңыз: